«Әділет» партиясының кәсіпкерлікке арналған басымдықтары таныстырылды
Шағын және орта бизнестің дамуы – жаңа жұмыс орындары, тұрақты табыс және өңір экономикасының нығаюы. Осы бағыттағы басымдықтар «Әділет» партиясының Абай облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын кәсіпкерлермен талқылау барысында айтылды.
Кездесу облыстық Кәсіпкерлер палатасының ұжымымен және шағын, орта бизнес өкілдерімен өтті. Жиында Марат Макишев, Роллан Ибраев, Эльзира Солтабаева, Ернар Тоқтаров, Сабыржан Букашев және Анжела Маслова партияның кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту және жұмыспен қамту бағытындағы жоспарларын таныстырды.
Сайлауалды бағдарламада кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, 1 620 бизнес субъектісіне 12,6% мөлшерлеме бойынша субсидия ұсыну, әлеуметтік кәсіпкерліктің 16 субъектісіне грант беру және 18 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделген.
Ауыл шаруашылығында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 626 жеңілдетілген несие беруге жәрдемдесу, су үнемдеу технологияларын енгізу алаңын 88,2 мың гектарға дейін ұлғайту және өңделген өнім экспортының үлесін 70%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Кездесу қорытындысында кәсіпкерлермен өзара байланысты нығайтып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру жолында бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.



