Ұлан-Батырда Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының отырысы өтеді
Бүгін Ұлан-Батырда Қазақстан-Моңғолия үкіметтерінің Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының 9-шы отырысы өтеді.
Ұлан-Батырға келген қазақстандық делегацияға Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Қазақстан-Моңғолия Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Дархан Қыдырәлі басшылық етеді.
Осы сапар барысында Дархан Қыдырәлі Моңғолияның Білім және ғылым министрі Лувсанцэрэн Энх-Амгаланмен кездесті.
Сонымен бірге Д.Қыдырәлі министрліктің жұмысынан ақпарат беріп, алдағы уақытта бірге жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.
Өз кезегінде Лувсанцэрэн Энх-Амгалан мырза қос мемлекет арасында тату-тәтті байланыс бар екенін және білім, мәдениет, археология саласындағы ортақ жобалар жасау туралы Д.Қыдырәлінің ұсыныстарын қолдайтынын айтты.
Тараптар үкіметаралық гранттар аясында студенттерді оқыту, академиялық байланыс орнату, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайту жайын талқылады.
Айта кетейік, Комиссия отырысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, ауыл шаруашылығы, көлік, мәдениет және спорт, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастыққа қатысты мәселелер қаралады.