Семейде Ұлттық ұлан сарбазы туған күнінде алғаш рет дауыс берді
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінде жеті жүзге жуық сарбаз әскери бөлім аумағында орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді. Ұлттық ұланның Семей қаласындағы әскери бөлімдердің мерзімді әскери қызметшілері еліміздегі барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауына қатысып, таңдауларын жасады. Мемлекеттің болашағын айқындап, елдегі саяси өмір үшін маңызды оқиғаға ат салысқан сарбаздар қатарында туған күн иесі қатардағы Дәурен Тәңірбергенов те бар. Ұлттық ұлан сапына Түркістан өңірінен шақыртылған мерзімді әскери қызметші таң алакеуімнен алғашқылардың бірі болып таңдауын жасады.
Кезектен тым сайлаудың менің туған күніммен тұспа-тұс келгені маған қуаныш сыйлайды.Мен бүгін он тоғыз жасқа толдым. Барлығы абыр-сабыр болып, құдды менің туған күнімді атап өтуге дайындалып жатқандай көрінеді. Сайлау учаскесіне шұбырып жүрген жұрт «Сен кімге дауыс бердің?» деп бір-бірінен қызыға сұрақ қойып, барлығы жаймашуақ көңіл күйде қол алысып жүр. Әрине ел үшін өзектілігі жоғары сәтте мен де азаматтық ұстаным танытып, алғаш рет таңдауымды жасадым, - дейді қатардағы жауынгер.
Әскери бөлім басшылығы Семей қаласында Отан алдындағы борышын өткеріп жүрген туған күн иесіне алғысын білдіріп, сый-сыяпат ұсынды.
Айта кетейік, әскери бөлімге мерзімді әскери қызметін атқарып жүрген сарбаздар Жетісу, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Қостанай және Шығыс Қазақстан облысынан шақырылғандар. Ел тағдыры таразыға түскен маңызды саяси науқанда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бойынша барлығы 6 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Оларға мерзімді әскери қызметшілермен қатар офицерлер мен сержанттар да қатысып жатыр.