Елордада Қазақстанның көмір өнеркәсібіне арналған форум өтіп жатыр
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан Astana Mining & Metallurgy конгресінің аясында өткізілген Көмір өнеркәсібінің IV форумына қатысты. Жиында көмір өнеркәсібін дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Аталған форум қатты отынды өндіру өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, инвестициялық тартымдылықты дамыту стратегиясын кеңінен талқылауға арналған алаң болып саналады.
Вице-министр айтқандай, қазір көмір индустриясы электр энергиясының шамамен 70% мен кокс-химия өндірісінің 100% жүктемесін қамтамасыз етіп, коммуналды-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген қажеттілігін қанағаттандырып келеді.
Былтыр Қазақстандағы көмір өндіруші компаниялар 113,9 млн тонна көмір шығарып, бұл 2022 жылдағы көрсеткіштен 1,9%-ға көп.
Сондай-ақ Үкімет Отын-энергетика кешенін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітіп, оның аясында 8 жобаны іске асырып, өндіру көлемін ұлғайту көзделген.
Бұған қоса жаңа жобалар да іске асырылып келеді. Айталық, тамызда Богатырь кенішінде көмірді тасымалдаудың циклдік – ағынды технологиясын жолға қою жоспарланып, бұл өндірісті жылына 50 млн тоннаға дейін ұлғайтуға септігін тигізеді. Ал қарашада «Шұбаркөл көмір» АҚ арнайы кокс шығаратын (жылына 400 мың тонна), сондай-ақ белсендірілген көмір (400 тоннаға дейін) мен гуминді тыңайтқыштарды (900 тоннаға дейін) өндіретін зауытты іске қосуды межелеп отыр.
«Осы қолға алынған жұмыстарға қарамастан көмір өнеркәсібінде өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, елімізде қосылған құны жоғары жаңа өнімдерді алу үшін көмірді терең өңдеуді көздейтін жобаларды іске асыруға көңіл бөлу қажет. Әлбетте, бұл отандық өнеркәсіптің әлеуетіне оң әсер етіп, көмірдің тиімділігін айтарлықтай жақсартатыны күмәнсіз. Таяу келешекте осы бағытқа басымдық берілетін болады», деді И.Шархан.