Балаларға базарлық жасады
Халықаралық балаларды қорғау күні аясында Абай өңірлік гарнизонының әскери полиция басқармасы балаларға базарлық жасап қайтты. Олар шахардағы мамандандырылған балалар үйін үлде мен бүлдеге орады. Басқарма мамандары қырыққа жуық тәрбиеленушіге тәтті тағамдар мен қатар күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды табыстады. Балақайларға мерекелік көңіл-күй сыйлауды мақсат тұтқан әскери полиция мұнымен шектелмеді. Олар бір сәт аниматорға айналып, тәрбиеленушілерге арнап шағын қойылым көрсетсе, салтанатты шарадан балалар да қалыс қалмады. Шара барысында бүлдіршіндер ән айтып, би билеп әскери полицияның ыстық қошеметіне бөленді.
Әскери полицияның көл-көсір пейіліне қанық болған балалар басқарма қызметкерлерін сағына күтеді. Ал, бүгінгі шараға ұйытқы болған тарап бұл игі істің алдағы уақытта дәстүрге айналатынын жеткізді.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі