Alstom компаниясы Қазақстанда өндірісті дамытуды жоспарлап отыр
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті Эндрю ДеЛеоне француз машина жасау компаниясының Қазақстандағы қызметін кеңейту мәселелерін талқылады.
Премьер-Министр электровоздар мен оған құрамдас бөлшектер өндіретін Alstom компаниясы Қазақстандағы теміржол өнеркәсібін жаңғырту бағдарламасының негізгі қатысушыларының бірі екенін атап өтті.
«Сонымен қатар компания құзыреттілік орталық ретінде де қызметін дамытуда, нәтижесінде біздің елімізде біліктілігі жоғары инженерлердің жаңа буыны қалыптасып келеді. Қазақстан Үкіметі Alstom компаниясымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, республикада инвесторлар үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер көзделген, инфрақұрылым жүргізіліп, тағы басқа да қолайлы жағдайлар жасалуда. Соның арқасында қазіргі таңда теміржол машиналарын жасау және шетелдік компанияның қатысуымен электробус өндіру саласында бірқатар жоба табысты іске асырылуда.
«Үкімет тарапынан қолдаудың негізгі факторы – өндірісті локализациялау деңгейінің жоғары болуы. Біз Alstom компаниясының электровоздардың құрамдас бөлшектерін өндіру және қызмет көрсету орталықтарын құру арқылы жұмыс аясын кеңейту ниетін қолдаймыз. Бұл ретте қазақстандық кәсіпорындарды тарта отырып, толық циклмен және жоғары локализациялау деңгейімен толыққанды өндіріс құру мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Өз тарапымыздан біз жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жәрдем көрсетуге дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Эндрю ДеЛеоне компанияның Қазақстанда өндірісті одан әрі дамытуға және жаңа жобаларды іске асыруға мүдделі екенін растады.
«Біз Қазақстанда 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеміз. Осы кезең ішінде біз жүздеген млн еуро инвестиция құйып, жүздеген адамды жұмыспен қамтамасыз еттік. Бұл біздің стратегиялық серіктестігіміздің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. ҚР Президентінің өткен жылы Францияға сапары біздің екіжақты байланыстарымыздың одан әрі дамуына айтарлықтай серпін берді. Инвестиция салуды жалғастырғысы келетін француз компаниялары үшін Қазақстанда жақсы ынталандыру шаралары бар», — деді Эндрю ДеЛеоне.
Ол Alstom компаниясы бүкіл республика бойынша өзінің қызмет көрсету орталықтарын құру үшін тағы 50-100 млн еуро инвестиция құюды қарастырып жатқанын айтты.
«Сонымен қатар біз жаңа локомотивтердің дамуын қолдап, тасымалдау қауіпсіздігін арттыру үшін ел бойынша инфрақұрылым әлеуетін арттырғымыз келеді», — деді Эндрю ДеЛеоне.
Оған қоса кездесу барысында тараптар ҚР транзиттік көлік саласын дамыту перспективаларын, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндіктерін кеңейтуді талқылады.