Ерасыл Қажыбаев Душанбеде дзюдодан 2023 жылғы Гран-при жүлдегері атанды
Тәжікстанда дзюдодан өткен 2023 жылғы Гран-при халықаралық рейтингтік турнирі аяқталды. Оған әлемнің 40 елінен 300-ден астам татами шебері қатысты. Спортшылар жеті салмақ дәрежесінде бақ сынады.
100 келіден астам салмақ дәрежесінде Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті Штаттық командаларды даярлау орталығының нұсқаушысы кіші сержант Ерасыл Қажыбаев Қазақстанның намысын қорғады.
Жүлдеге жету жолында қазақстандық дзюдошы Франция, Тәжікстан, және Бахрейндік қарсыластарын жеңді. Поляк дзюдошысы Каспер Сзуровскиймен кездесуде Ерасыл Қажыбаев 250 рейтингтік ұпай жинап, қола медаль жеңіп алды.
– Турнирге қатысу біздің спортшыларға өз шеберлігін жетілдіріп қана қоймай, жақсы тәжірибе алуға мүмкіндік берді. Енді шілде айында өтетін Гранд Слам Астана халықаралық турниріне дайындаламыз. Оған әлемнің 46 елінен 300-ден астам спортшы жиналмақ, – деді Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубы – Спорт комитетінің дзюдо жаттықтырушысы Ермек Насиев.
Бұл рейтингтік турнир 2024 жылы Франция астанасы Парижде өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарына іріктеу болып табылады.