Дүниежүзілік банк Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі
Astana International Forum аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев бірқатар беделді халықаралық ұйымның өкілдерімен кездесіп, өзара тиімді әріптестікті арттыру жолдарын қарастырды.
Мәселен, ведомство басшысы және Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) Түркия мен Орталық Азия бойынша директоры Вибке Шлемер еліміздегі кәріз-тазарту жүйелері мен автожолдарды салып, жаңғырту, сондай-ақ теміржол құрылысы бағытында бірлескен жобаларды іске асыру тетіктерін талқылады.
Марат Кәрімжанұлының айтуынша, Дүниежүзілік банк Қазақстанның көптеген саладағы ірі жобаларын іске асыруға септесіп келе жатқан маңызды әріптестерінің бірі саналады.
Өз кезегінде В.Шлемер Астана халықаралық форумы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта келе қазір халықаралық қаржы корпорациясы жеке сектордағы жобаларды да қаржыландыруды қолға алғанын жеткізді.
Кездесудің соңында тараптар іскерлік әңгімеге ризашылықтарын айтып, жемісті әріптестікті одан әрі нығайтудың маңыздылығы зор екенін атап өтті.
Сондай-ақ аталған форумың аясында М.Қарабаев Еуропалық бизнес қауымдастығының бас директоры Тадзио Шиллингпен кездесті. Оның барысында ИИДМ-нің құзырына кіретін салалар бойынша шетелдік инвестицияны тарту және ынтымақтастықты арттыру мәселелері пысықталды.
Бұдан бөлек халықаралық форумда ҚР ИИДМ басшысы БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы атқарушы хатшысының орынбасары Дмитрий Марьясинмен де кездескенін айта кетейік. Екі жақ ресурстарды басқару және аса қажетті шикізатқа қол жеткізудің маңыздылығын пысықтады. Бұған қоса республика аумағында сертификаттау зертханасы мен құзыреттілік орталығын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелердің қатарында БҰҰ ресурстарының шеңберлі жіктемесі мен Қазақстанда БҰҰ-ның ресурстарды басқару жүйесін ұлттық деңгейде енгізу мүмкіндіктері болды. Осы тұста М.Қарабаев Қазақстанның жер қойнауын тиімді пайдалануға қатысты ұстанымын жеткізіп, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс шеңберінде қолға алынған жұмыстар жөнінде айтып берді.
Өз кезегінде халықаралық ұйымның өкілі өндіруші салалар бойынша ашықтық бастамасы стандарттарын қолдану бағытында Қазақстанның рөлін күшейтудің маңызы жоғары екенін атап өтті.