Қазақстан мал шаруашылығы саласының бірқатар өнімі бойынша импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетті
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығын одан әрі дамыту шаралары қаралды.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қазіргі уақытта республиканың АӨК жалпы өнімінің шамамен 40%-ы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі екенін баяндады. Талдау нәтижелері саланың тұрақты қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетіп отыр. Малдың барлық түрі тұрақты өсуде. 2022 жылдың өзінде ірі қара мал саны 4,2%-ға, қой 4,8%-ға, жылқы 10,5%-ға, түйе 6,5%-ға, құс саны 4%-ға өсті.
Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытудың сапалық көрсеткіштері де өсуде. Атап айтқанда, сауылған сүт мөлшері 4,7%-ға, сондай-ақ сойылған қой салмағы 8,6%-ға, тауықтардың жұмыртқа әкелу көрсеткіші 17,2%-ға өсті. Жалпы 2022 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 0,9%-ға, ал осы жылдың 5 айында 3,6%-ға ұлғайды.
Қазіргі мемлекеттік қолдау шаралары мал шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын сақтауға мүмкіндік берді. Өткен жылы инвестиция көлемі 67%-ға артып, 117,5 млрд теңгеге жеткен. Барлығы 102 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, инвестициялардың ең көп көлемі тауарлы-сүт фермаларының құрылысына салынған. Мәселен, 2022 жылы қуаты 52,4 мың тоннаны құрайтын 36 тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Сонымен қатар жалпы қуаты жылына 41,9 мың тонна құс етін құрайтын 7 құс фабрикасы пайдалануға берілді.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын құру жоспарланып отыр, бұл республиканың импортқа тәуелділігін 39%-дан 11%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында мал шаруашылығын субсидиялау тетігін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бақылаушы органдардың ескертулері назарға алынып, субсидиялау қағидаларынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар нормалар алып тасталды. Сонымен қатар ветеринария жүйесін реформалау жұмыстары жүргізілуде.
Өңірлерде мал шаруашылығын дамыту туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов баяндама жасады.
Премьер-Министр мал шаруашылығы Қазақстан үшін ауыл шаруашылығының негізгі және дәстүрлі салаларының бірі екенін атап өтті. Сондықтан мемлекет тарапынан салаға елеулі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, мал басын және мал шаруашылығы өнімдерін ұлғайту үшін биыл 108 млрд теңге бөлініп отыр.
«Бұл шаралар мал басы мен құс санының өсуіне, мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісіне оң әсерін тигізеді. Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша осы салаға құйылған инвестициялар көлемі 67%-ға өсті», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, мал шаруашылығы саласының әлеуметтік маңызы бар бірқатар өнімі бойынша импортқа тәуелділік айтарлықтай төмендеді. Мәселен, импорт сүт өндірісі бойынша 45%-дан 39%-ға дейін, құс етінің өндірісі бойынша 51%-дан 32%-ға дейін төмендеді.
Оған қоса мал шаруашылығы өніміндегі отандық өндірістің үлесін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар проблемалық мәселені шешу қажет. Мысалы, жемшөп өндірісі бойынша.
Үкімет басшысының айтуынша, ауыспалы егістегі, бірінші кезекте суармалы жерлердегі жемшөп дақылдарының үлесін кеңейту жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Сондай-ақ Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының желісі бойынша Қазақстан ұзақ уақыт бойы аусылдан таза мәртебесін ала алмай жүр.
«Бұл жұмысты биылғы мамыр айында аяқтау жоспарланған болатын. Бірақ ол уақытылы жүргізілмеді. Сондықтан халықаралық ұйымнан мақұлдау алынған жоқ. Бұл отандық мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу географиясын кеңейтуге, оны өндіруді ынталандыруға мүмкіндік бермейді», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің сөзінше, бұл – ветеринарлық қызметтің әлсіз жұмысының дәлелі.
«Халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, оның қызметін қайта қарау қажет», — деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, сала көрсеткіштерін қалыптастыру әдістемесі бойынша да сұрақтар бар. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ақпараты бойынша ресми дереккөздердегі мәліметтерде орта есеппен 20%-ға алшақтық бар.
«Дәл осы мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы санағы жүргізілуі керек», — деді Әлихан Смайылов.
Одан бөлек, Премьер-Министрдің айтуынша, Қазақстанда жүн мен былғары өңдеу саласын дамытуда айтарлықтай әлеует бар, сол үшін жоғары қайта өңделген өнімдерді шығаруды кеңейту керек.
Қорытындылай келе, Үкімет басшысы ауыспалы егістегі жемшөп дақылдарының үлесін кеңейтуді қамтамасыз етуді, халықаралық тәжірибені және цифрландыруды ескере отырып, Ветеринария жүйесін реформалаудың жол картасын әзірлеуді, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы санағын жүргізу жөніндегі жол картасын дайындауды тапсырды.
Оған қоса Әлихан Смайылов отандық мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту жөніндегі шаралар кешенін және алгоритмді әзірлеу, сондай-ақ осы жылдың соңына дейін аусылдан таза мәртебесін алу қажеттігін айтты.