Әлихан Смайылов: Қазақстанның туристік нысандарына қызығушылық артып келеді
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризм саласындағы қазіргі жағдай және саланы дамыту бойынша алдағы атқарылатын шараларды жүзеге асыру барысы қаралды.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пандемияның ауыр зардаптарына қарамастан, өткен жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстандағы туризм қалпына келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ішкі туристер саны 25%-ға өсіп, 8,6 млн адамға жеткен, бұл пандемияға дейінгі деңгейден 2 млн-ға жуық адамға жоғары. Сондай-ақ өткен жылы Қазақстанға 1 млн-ға жуық шетелдік турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 1,4 млн адамға дейін артады деп күтіліп отыр. Бұл шетелдік қонақтардың Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Республикадағы қонақ үйлер саны 284 бірлікке артып, 4 мыңға жетті. Жалпы сыйымдылығы 203 мыңнан астам төсек-орынды құрап, 10 мың бірлікке көбейді. 2022 жылы туристерді орналастыратын орындардың жалпы табысы 183 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 68%-ға жоғары. Нәтижесінде туристік қызметтен түсетін салық түсімдерінің рекордтық деңгейі тіркелді. Осы жылдың І тоқсанындағы көрсеткіштер саладағы өсудің жалғасып келе жатқан үрдісін көрсетеді.
Елімізде туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс жалғасып келеді. Мәселен, өткен жылы құны 27 млрд теңге болатын 28 жоба аяқталды. Оның ішінде Балқаш курорттық аймағында инженерлік коммуникациялар және Ақтау қаласының жылы жағажайына дейін автожол салынуы, сондай-ақ әуе тасымалы мүмкіндіктерін едәуір кеңейткен Үшарал және Үржар әуежайларының іске қосылуы ерекше маңызға ие. Қазіргі таңда 439,3 млрд теңгені құрайтын 83 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып отыр.
Туризм саласының инвестициялық әлеуетін дамытуға да көп көңіл бөлінуде. Мәселен, 2019 жылдан бері жалпы құны 420 млрд теңгеден асатын 360-тан астам инвестициялық жоба іске қосылды. Биыл 14,5 мың төсек-орын мен 2 мың тұрақты жұмыс орнын ашу бойынша 288 млрд теңгенің 115 жобасы жүзеге асырылып отыр. Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру және бизнесті қолдау мақсатында өткен жылдан бастап елімізде мемлекеттік қолдаудың жаңа 7 шарасы қолданысқа енгізілді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Түркістан облысының әкімі – Дархан Сатыбалды, Ақмола облысының әкімі – Ермек Маржықпаев өңірлердегі туристік жобалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды.
Премьер-Министр туризм саласының көптеген әлем елдері үшін негізгі табыс көзі болып саналатынын, сондықтан да оның даму болашағы өте жоғары екенін айтып өтті. Осы саланы жандандыру және оған жүйелі түрде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін тиісті заңнамалық түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, Туристік саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, республикалық және өңірлік деңгейдегі Туристификация карталары дайындалды.
Сонымен қатар шетелдік туристерге салықты қайтарудың әлемдік «Tax free» тәжірибесі енгізілді. Туристер Қазақстанға визасыз келе алатын мемлекеттер санын кеңейту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді.
«Елдердің арасындағы осындай кедергілерді алып тастау Қазақстанда туризмнің дамуына елеулі серпін береді. Мұны салық түсімдерінен көруге болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласынан түскен салықтардың көлемі 390 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Жалпы, Қазақстанның туристік нысандарына қызығушылық артып келеді», — деді Әлихан Смайылов.
Жыл сайын жағажайлар мен туристік зоналардың ластануына қатысты сын айтылады. Тұрғындар мен бизнес тарапынан қарапайым жағдайдың жоқтығына, жолдардың нашарлығына, туристік объектілердегі антисанитарияға шағымдар көп. Туристік маусым енді басталды, соның өзінде қызметтердің сапасы бойынша мемлекеттік органдарға 500-ден астам ресми шағымдар мен өтініштер келіп түсті.
«Қазақстандық такси жүргізушісі шетелдік қонақтарды әуежайдан қонақүйге дейін 800 долларға жеткізіп салған жағдай бәрінің есінде. Қонақүйлер мен жалпы турлардың, сондай-ақ ішкі билеттердің жоғары бағаларына, туристерге қызмет көрсету уақытына қатысты шағымдар бар», — деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, мұндай келеңсіз жайттар елдің имиджіне нұқсан келтіреді, сондықтан мемлекеттік органдар да, бизнес те осы проблемалардың бәрін шұғыл шешуі керек.
«Біздің міндетіміз – барлық өңірде инфрақұрылымның, логистиканың, сервистің сапасы мен қызмет көрсету мәдениетінің даму қарқынын арттыру. Қазақстан 2029 жылға қарай Саяхат пен туризмді дамытудың жаһандық индексі рейтингінде 50-ші орыннан төмен болмауы тиіс», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Осыған байланысты Үкімет басшысы негізгі туристік орындарға баратын жолдарды жөндеу және салу жөніндегі жұмысты жеделдетуді, туристік объектілерді инженерлік инфрақұрылыммен уақытылы қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ курорттық аймақтар мен туристік объектілердің санитарлық жай-күйі мен абаттандырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ол сондай-ақ қызметтерге тарифтерді көрсете отырып және туристік объектілерде қауіпсіздік шараларын күшейту, барлық қазақстандық объектілер бойынша буклеттер, жолсілтемелер мен карталарды басып шығаруға және таратуға ерекше назар аудару керек екенін атап өтті.