Мәжілістегі «AMANAT» депутаттары өңірлерге шығып, сайлаушылармен кездеседі
Бүгін Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев фракция жиынын өткізіп, онда депутаттардың өңірлерге шығуына байланысты бірқатар маңызды міндетті белгілеп берді.
Шілдеде депутаттардың сайлаушылармен дәстүрлі кездесуі басталады. Сапар барысында мәжілісмендер өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарында кездесулер, сондай-ақ азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізеді. Халық қалаулылары алдағы жұмыс барысын Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының басқосуында талқылады.
Фракция жетекшісі, партияның Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев халықпен кездесу ашық пікірталас форматында өтіп, жергілікті жердегі нақты мәселелер талқылануы тиіс екенін атап өтті.
«Халықтың барлық санатымен, соның ішінде шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесу қажет. Зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар адамдар сынды әлеуметтің жағдайы төмен тұрғындарға да айрықша назар аудару керек. «AMANAT» партиясының депутаттары халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге баса мән беруі тиіс. Азаматтардан жиналған арыз-шағымдар жаңа депутаттық сауалдар мен заң жобалардың негізіне айналады. Бұл – Парламенттің төменгі палатасындағы жаңа сессияның күн тәртібін қалыптастырады», – деді ол.
Бұдан соң, Фракция жетекшісі партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындауды көздейтін Жол картасын жүзеге асыруға ерекше назар аударды.
«Өңірлерге барған кезде сумен қамтамасыз ету, жылу энергетикасы, денсаулық сақтау нысандарының құрылысымен танысу қажет. Барлық жұмыс барысын бақылауға алу керек. Республикалық Жол картасының әр тармағы депутаттар мен жауапты мемлекеттік органға жеке-жеке бекітілгені белгілі. Сапар барысында партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуына талдау жүргізілуі тиіс. Жол картасын жүзеге асыру кезінде нысандарды іске қосу жұмысы кешіктірілген болса, мәселені қысқа мерзімде шешу үшін тиісті шара қабылдау, оған жергілікті атқарушы органдарды жұмылдыру қажет», – деді ол.
Тұрғындармен кездесу барысында депутаттар сайлаушыларды қабылданған заңнамалық жаңалықтар туралы хабардар етіп, азаматтар көтерген аса маңызды мәселелерге зер салады. Алдағы уақытта депутаттар Үкіметпен бірлесіп осы мәселелердің шешімін табуға күш салады. Аймақтарға шығу қорытындысы күзде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының бірінде талданады.
Еске сала кетейік, бұған дейін фракция мүшелері 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруды көздейтін республикалық және 20 өңірлік жол карталарын бекітті. Соған сәйкес, 78 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салу, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 300 мың жаңа орын ашу, мектептерде 1,5 млн оқушы орнын құру, халықты сумен 100% қамтамасыз ету, шағын бизнеске әсер ететін 15 мың артық кедергіні жою көзделіп отыр.
Фото авторы Әли Ғалым