Егер жағдай жақсармаса, кадрлық шешімдер қабылданатын болады – Әлихан Смайылов
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осы жылы электр стансаларында 10 энергоблок, 49 қазандық және 54 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланғанын баяндады. Қазіргі таңда 3 энергоблок, 19 қазандық және 8 турбинада жұмыс жүргізіліп жатыр. 3 қазандық пен 8 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.
Биыл 25,3 мың шақырымға жуық электр беру желісін, 567 қосалқы стансаны, 3,5 мың тарату пунктін және трансформаторлық қосалқы стансаларды жөндеу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 2 мың шақырымға жуық электр беру желілері, 69 қосалқы станса, сондай-ақ 469 тарату пункті мен трансформаторларда жұмыс аяқталды.
Министр жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде алдағы жылыту кезеңінде тәуекел аймағына кіретін энергетикалық кәсіпорындарға ерекше назар аударылатынын айтып өтті. Атап айтқанда, Риддер ЖЭО-ның барлық 6 қазандығын жөндеуді бастау үшін қажетті шаралар қабылданды. Осындай жұмыстар Екібастұз, Жезқазған, Кентау және т. б. Жылу электр орталықтарында да жүргізіліп отыр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев атап өткендей, бүгінде әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер алдағы жылыту кезеңіне қызу дайындық үстінде. 22 маусымдағы жағдай бойынша 2,5 мың білім беру нысаны мен 1,7 мың денсаулық сақтау нысанында және 7,3 мың тұғын үйде қысымды тексеру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар барлық өңірлерде жылу желілеріне техникалық тексеру жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 89 қаланың 30-ында жұмыс аяқталды. Жалпы, жыл соңына дейін 500 шақырымнан астам жылу желілерін жөндеуден өткізу жоспарланған. Сондай-ақ 1,4 мың шақырым сумен жабдықтау желілерінің 233 шақырымы, 46 шақырым су бұру желісі жөнделді.
Сондай-ақ атқарылып жатқан жұмыстар туралы Павлодар облысының әкімі – Асайын Байханов, Қарағанды облысының әкімі – Ермағанбет Бөлекпаев, Абай облысының әкімі – Нұрлан Ұранхаев баяндама жасады.
Премьер-Министр алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі маусым айында әдейі ертерек қаралып жатқанын атап өтті. Алайда, оның айтуынша, қазір әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың жұмысынан бірқатар кемшіліктер көрінуде.
Мәселен, жүйелі оператор «KEGOC» компаниясы Жылу электр орталықтарындағы күрделі жөндеу жұмыстарын бекітті, бірақ, бұл жұмыстар көптеген өңірде кешігіп жатыр, ал, енді бірі жөндеу жұмыстарын тіпті келесі жылға қалдыруда.
«Мысалы, Атырау Жылу орталығында турбиналарды жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Мерзімнің бұзылуы – 60 күнді құрап отыр. Рудный Жылу орталығында да осындай жағдай. 45 күннен бері жұмыс тоқтап тұр. Теміртау қаласының 1-ГРЭС-індегі қазандықты жөндеу жұмыстары жоспардан мүлдем алынып тасталған. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Бұлай жұмыс істеуге болмайды. Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін күшейту қажет. Олардың алдына қатаң түрде қарсы міндет қою керек», — деді Әлихан Смайылов.
Ол сондай-ақ Жылу желілерін жөндеу жұмыстарының қарқыны өте баяу екенін атап өтті: 47 жобаның 30-ында ғана жұмыс жүріп жатыр. Желілерді техникалық тексеру жұмыстары да біткен жоқ. Үкімет басшысының пікірінше, уәкілетті орган мен әкімдіктердің арасында үйлестірудің жоқтығынан осындай кемшіліктер орын алып отыр.
«Жалпы, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаймын. Бірінші басшылардың, әкімдер мен министрлердің жауапты орынбасарлары «кабинетте отырмай» жұмыстың бел ортасында жүруі тиіс. Проблемаларды объектінің басында шұғыл шешу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ, жаз ортасы келіп қалды. Тәулік бойы жұмыс істеу керек. Бізде құрылыс маусымы өте қысқа, сондықтан тәуекел де жоғары. Егер, жаз біткенше жағдай жақсармайтын болса, онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылданатын болады», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Энергетика министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, жылу көздерінің жөндеу мерзімдерін ауыстырмай, жылыту маусымына толық дайындықты қамтамасыз етуі, Индустрия министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс екенін айтып өтті.
Әлихан Смайылов сондай-ақ жылу энергетикасы жөніндегі заң жобасы шеңберінде бекітілген жөндеу кестесін бұзғаны үшін энергия өндіруші ұйымдардың жауапкершілігін белгілеу мәселесін пысықтауы керек екенін атап өтті.
«Тарифті бекіту кезінде берілген өтініштердің негізділігін және стансадағы нақты жағдайды анықтауға мүмкіндік беретін кешенді тәсіл қажет», — деді ол.
Сонымен қатар Премьер-Министр екі апта ішінде өңірлік электр желілік компаниялардың техникалық жай-күйіне талдау жүргізіп, тәуекелдер картасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ ол Жылыту маусымына дайындық жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын түгел қайта қарауды талап етті.
«Жыл сайын олардың жұмысында нақты істер емес, науқаншылдық орын алып отыр. Олар қағаз жүзінде бар, ал жөндеу жұмыстарына қатыстары жоқ. Штаб отырыстары әкімдіктерде емес, тікелей объектілерде өтуі керек», — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.