Қорғаныс министрлігі ҚМЭБИ университетімен келісім жасады
Президенттің әскери қызметтің беделін арттыру туралы тапсырмасын орындау барысында қорғаныс ведомствосы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты жоғары оқу орнымен келісімге қол қойды.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов ҚМЭБИ университетімен басқарушылық буын мамандарын даярлау саласындағы тығыз өзара іс-қимыл 2015 жылдан бастап ұйымдастырылғанын еске салды.
– Сіз 2016 жылы дайындаған магистрлер бүгінде басқару лауазымдарында қызмет етіп, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр, – деді ол.
Кездесу барысында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен «ҚМЭБИ университеті» КЕАҚ басшылығының өкілі доктор Чапар Неджат білім беру саласындағы өзара қарым-қатынастың өзекті мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында тараптар келісімге қол қойды, оның аясында студент жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу саласындағы ынтымақтастықпен қатар mini MBA (басқару буыны мамандығы бойынша академиялық емес магистратура) бағдарламасы бойынша 20 әскери қызметшіні оқыту да көзделген.