Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.51 522.84 4.81

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ әлемнің үздік университеттері қатарына кірді

30-06-2023, 09:00 Еркежан Қуатқызы

Еліміздің жоғары оқу орындары әлемдік аренада сенімді түрде бәсекелесуде. 2 күн бұрын әлемдік QS рейтингі нәтижесі жарияланды. Былтыр бұл көрсеткіште қазақстандық 16 жоғары оқу орны көрінсе, биыл тағы 5 университет үздіктер қатарын толықтырды. 

QS World University Rankings –әлемнің үздік университеттері тізіміне алғаш рет: Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан университеті (901-950 позиция), Нархоз университеті (1201-1400 позиция), Сүлейман Демирел атындағы Университет (1201-1400 позиция), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті (1201-1400 позиция), М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті (1201-1400 позиция) кірді.

Ғылымның негізгі буыны өңірлік жоғары оқу орындарына дарып, ел экономикасы мен өнеркәсібін дамытуда маңызды рөл атқара бастады. «Мықты университет – жергілікті экономика мен индустрияның дамуын тәуелді ететін мықты кадрлар», - дейді Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ жаһандық QS көрсеткішіне кіре сала «бел ортадан» көрінді. Мұның сыры неде? 

Ең алдымен, ғылымды дамытуға басымдық беріліп, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, технологияларды коммерцияландыру ұлғайтылды. Сондықтан республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру бірнеше есе ұлғайды. 2021-2023 жылдары екі есеге жуық, 2023-2025 жылдары ғылым бюджеті 3,5 есеге ұлғайс, барлығы - 643 млрд. теңгеге жетті.  Бұл біздің ғалымдарды ерекше ынталандырып отыр. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ жалпы табысында ғылымның үлесі 20% - бұл әлемдік жоғары оқу орындары деңгейінде.

Қазақстанда халықаралық білім беру хабын қалыптастыру жөніндегі өршіл міндет те жүзеге асып келеді. ШҚТУ қытайлық серіктестермен "Көлік және көлік техникасы" бағыты бойынша Лу Бань шеберханасын ашады. ҚХР Сиань қаласында "Қытай — Орталық Азия" көшбасшылар саммиті аясында келісімге қол қойылды. ЖОО Қазақстан-Германия университеті, Фрайберг тау-кен академиясы, Клаусталь университеті және басқа да серіктестермен Металлургия және пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы Қазақстан-неміс ғылым және технологиялар институтын құрады. Университет тарихындағы бұл жарқын оқиғалар білім беру және инновация саласында жеңіске жетуге мүмкіндік береді.

Университеттің QS рейтингіне кіруі, бірден жоғары көрсеткішке ие болуы тегін емес. 2022-2023 жылдар жоғары оқу орны үшін барлық бағытта ұтымды болды. Біріншіден, Ұлыбританияның Quacquarelli Symonds (QS) агенттігінің халықаралық аудит қорытындысы бойынша Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті QS Stars University Ratings халықаралық рейтингінде жоғары «4 жұлдыз» бағасына ие болды. QS Stars - барлық мүдделі тараптарға: әлеуетті студенттер, серіктестер, сарапшылар, ғалымдар, жұмыс берушілерге университет туралы толық ақпарат беруге бағытталған рейтингтік жүйесі. Рейтинг университетті әкімшілік және академиялық қызметін, оқыту және оқытудағы жетістіктерін, түлектерді жұмысқа орналастыру, инфрақұрылым нысандары мен қоршаған ортаға әсеріне дейін 50 түрлі көрсеткіш бойынша бағалайды. ШҚТУ оқыту, жұмысқа орналастыру, тұрақты даму санаттарында «5 жұлдызға» (өте жақсы)ие болды. 

Екіншіден, экологиялық жағдайы қолайсыз аймақта орналасқан ШҚТУ қоршаған ортаны өзгерте алатын бастамалар мен жобалар көтереді. Энергияны үнемдеу саясаты, көміртекті бейтараптық саласындағы ғылыми жобалар және парниктік газдар таралуын азайту, аймақтағы көміртекті тежеу және т.б. әрекеттер өте беделді The Times Higher Education Impact рейтингімен бағаланып,  ШҚТУ елдің тұрақты дамуына үлес қосатын алғашқы мың университеттің қатарына енді.

Үшіншіден, ШҚТУ QS World University Rankings көрсеткішінде әлемнің 950 үздік университеттеріне кіріп, зерттеу қызметі, оқыту, мансаптық әлеуеті, шетелдік студенттер мен оқытушылар саны, университет қызметін сараптамалық бағалау бойынша лайықты нәтижелер көрсетті.

Еліміздің жоғары оқу орындары бәсекелестікті күшейтіп, өңір мен елдің ғана емес, халықаралық деңгейде экономиканың, мәдениеттің және өнеркәсіптің дамуына белсенді қатысы, драйверге айналатын қауқарын көріп отырмыз.

Еліміздің барлық жоғары оқу орындарына және қалыптасқанына бір жыл толған Ғылым және жоғары білім министрлігіне табыс тілейміз!

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив