Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті

26-05-2023, 17:46 Думан Кенжеғазыұлы

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Жаңа Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық  елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық. Қоғамда дендеп тұрған қауіпті дерт жемқорлықпен күресу оңай жұмыс емес.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытындысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдаған кезде жемқорлыққа итермелейтін жүйелі себептер мен жағдайларды жою аса маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы сыбайлас жемқорлықты анықтауға және оның жолын кесуге баса мән беруді тапсырды. Яғни бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.

Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді.

Қызмет құзыреті бойынша Тәртіптік кеңесі Қазақстан Республикасының «Сыйбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің Әдеп кодексі талаптарының сақталуын қадағалап, аталған заңнама мен кодекс талаптарының бұзылуына жол берген қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін қарау белгіленген.

Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады.

Осы мақсатта «ANTIKOR» сөзі қысқа уақыт ішінде брендке айналды десек болады. Әр өңірде Департамент жанынан Антикор орталықтары ашылып, бүгінде жаңа жобаларды сәтті жүзеге асыруда. Оның ішінде бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлықтан қорғауға бағытталған «Protecting and Investmens» жобасы, тұрмыстық жемқорлықты жоюға бағытталған «Адалдық Алаңы» жобасы, жолдардың сапасын қадағалауға бағытталған «Сапалы жол» жобасы, өңірлерде насихат жұмысын жандандыруға бағытталған «Ақпараттық-ағартушылық штабы» жобасы, пандемия кезеңінде қалың бұқарамен алтын көпір орнатуға бағытталған «Antikor Live» жобасы, тегін құқықтық көмек көрсетуге бағытталған «Adal komek» жобасы және зиялы қауым өкілдерін тарта отырып, кітапханаларда ашылған «Парасат жолы» орталықтары және «Заңгер кеңесі» сынды танымал жобалар бар. Осы жұмыстың барлығын үйлестіруде нәтижесінде Қазақстан Transparency International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив