15 шілде – Қарулы күштердің командалық пункттері мен басқару пункттері мамандарының күні
Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 5 мамырдағы бұйрығымен бекітілген бұл күнде кәсіби және естелік күндердің тізімі нақтыланған.
Ұлттық қорғанысты басқару орталығының негізі Қарулы күштер Бас штабының Жедел бас басқармасы құрамында басқару пункттері бөлімін құрудан басталды. 1998 жылы қорғаныс ведомствосы басшысының директивасымен Қорғаныс министрлігінің Орталық командалық пункті (ОКП) құрылды. 2019 жылы – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының Орталық командалық пункті (Ұлттық қорғаныс басқару орталығы) болып қайта құрылды. 2021 жылы – Президенттің Жарлығына сәйкес ОКП (ҰҚБО) қазіргі атауына ие болды.
Ұлттық қорғанысты басқару орталығының басты міндеті орталықтандырылған жауынгерлік басқаруды қамтамасыз ету, Қарулы күштердің кезекші күштері мен құралдарын бақылауды жүзеге асыру, Қорғаныс министрі мен Бас штаб бастығының нұсқауларын бағынысты әскерлерге жеткізу болып табылады.
Штабтардың әскерлер мен күштерді басқаруға тұрақты дайындығы жауынгерлік кезекшілік жүйесінің басқару пункттерінде ұйымдастырылады. Оны үш басқарманың құрамында жауынгерлік есептоп жүзеге асырады. Олар – жауынгерлік кезекшілік, күнделікті қызметті бақылау және ситуациялық талдау. Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің Бас командалық пункттерінде және Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің командалық пункттерінде де тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі.
Ұлттық қорғаныс басқару орталығының негізін қалаушы – генерал-майор Хайретдин Расқалиев. Әр жылдары оны өз ісінің мамандары генерал-майор Жомарт Қуанғалиев, полковниктер Марат Аманжолов, Вячеслав Лукашук және Қайрат Жұмаев басқарды. Қазіргі уақытта генерал-майор Фазылолла Бәденов басқарады.
Жауынгерлік кезекшілік практикалық әскери тәжірибесі жоғары, жағдайды тез бағамдайтын және Қарулы күштер қолбасшылығының шешім қабылдауы үшін қажетті мәліметтерді дайындай алатын офицерлерге сеніп тапсырылған. Оқу-жауынгерлік міндеттерді нәтижелі орындау және мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету олардың жедел, сенімді және келісілген әрекеттеріне байланысты екені сөзсіз.
Әскери қызметшілердің өз міндетін жақсы білуінің, кәсіптік білімінің, жинақылығы мен жауынгерлік рухының биіктігінің арқасында Ұлттық қорғанысты басқару орталығының жеке құрамы жауынгерлік кезекшілікті ұйымдастыруды және басшылықтың дабылын, бұйрықтары мен өкімдерін жеткізуді сәтті орындап келеді.