Қазақстандағы өндірістік жарақаттану деңгейі 4%-ға азайған
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің мәліметі бойынша 2023 жылғы 2 тоқсан қорытындысы бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардан 640 жұмыскер зардап шегіп, оның 69-ы қаза тапты. Бұл ретте биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану 2022 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда 4%-ға төмендеді.
Ағымдағы жылы 6 айда өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,09 құрады.
Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында - 79 адам, ШҚО-да – 53 адам, Абай облысында – 50 адам, Павлодар облысында – 46 адам, Қостанай облысында – 44 адам, Ақтөбе облысында – 40 адам зардап шеккен. Сондай-ақ, Алматы қаласында 50 адам зардап шекті.
Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 21,8 % және құрылыс саласында – 10,6%.
Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (33,3%); өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (27,1%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (9,3%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (8,4%);.
Қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мен өндірістік жарақаттануды азайту ҚР Үкіметі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,5%-ға түсті.
Профилактика мен бұзушылықты алдын алу мақсатында еліміздің 3211 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарды «халықтық бақылаушы» ретінде тартуды көздейтін «Халықтық бақылау» әлеуметтік маңызды жобасы енгізілуде. Бүгінгі күні жобаны жүзеге асыруға республиканың 252 кәсіпорны қосылып, онда 600-ден астам жұмыскер ішкі бақылауды жүзеге асыруда.
2019 жылдан бастап Министрлік тарапынан «Нөлдік жарақат - Vision Zero» тұжырымдамасын жетілдіру болйынша белсенді жұмыс атқарылуда. Оған бүгінде 440 кәсіпорын қосылды.
Сонымен қатар, «Онлайн еңбек консультанты» электронды сервисі іске қосылды. Ол жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында қашықтықтан өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін еңбек заңнамасының сақталуының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сервис жұмыс берушінің еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзіндік тексеруден өтуін қарастырады. Сервис іске қосылғалы бері 23 420 жұмыс беруші оны пайдаланды.