Қытайдағы универсиадада еліміздің мемлекеттік туы көтерілді
Бүгін спортшылар қалашығында ХХХІ Дүниежүзілік жазғы студенттік ойындардың Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті.
Байрақты бәсекеге еліміздің атынан қатысатын спортшыларға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы бейне үндеу жолдап, қолдау көрсетті.
Сондай-ақ, ведомство басшысы спорттағы сәттілік тек еңбекпен және қажырлы күш-жігермен келетінін атап өтіп, жарысқа қатысушылар байрақты бәсекеде еліміздің даңқын шығаратынына сенім білдірді.
Айта кетейік, 27 шілдеде Қытайдың Сычуань провинциясының Чэнду қаласында XXXI Дүниежүзілік жазғы студенттік ойындар басталды. Спорттық шара 8 тамызға дейін жалғасады. Сайыста ел құрамасындағы 93 студент спорттың 11 түрі бойынша бақ сынамақ.
Универсиадаға қазақстандық делегацияны Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов бастап барды.