Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Табиғатты анамыздай бағалау керек!

31-07-2023, 09:47 018.kz

Биылғы жыл шығыс өңірінің табиғаты үшін қасіретке толы. Әсіресе, жайқалған жасыл байлығын қызыл жалын лезде жалмап әкетті. Кешегі ит мұрыны кіре алмайтын сыңсыған нудың орнын бүгін күйік шалған ағаш пен күл басып қалды. Әрине, арнайы мамандар тілсіз жаумен күресті. Егер қызыл жалынның бетін қайтармаса, опық жейтін тұсымыз әлі де көп еді. Ауызынан от бүріккен алапат аждаһамен аянбай арпалысып, лапылы бет қарықтырған өрт ішіне қаймықпай еніп кеткендердің бірі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 28738 әскери бөлімінің сержанты 1-ші сыныпты сержант Талғат Жанғазинов. Өршіген орман өртін өшіруге өлшеусіз үлес қосқан бригада сержантына Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін салтанатты түрде табыс етті.  Біз осы орайда  тілсіз жауға тойтарыс берген  әскери қызметшіні әңгімеге тартып көрдік.

- Қаруластарыңыз Сізді өмірде біртоға, байсалды жанға балап жүріпті. Сондықтан болар өрт кезіндегі белсенді, ұйымдастырушылық қабілетіңізге  таң қалысқан көрінеді. Жауынгерлерді топ-топқа бөліп, өрт ошағына айналған жерлерге лезде аттандырып, өрт сөндіру жұмыстарын барынша жедел әрі тиянақты орындадыңыз. Қысылтаяң шақта көшбасшыға айналу үлкен жауапкершілік емес пе? 

- Иә, тілсіз жаумен күресте абдырап қалатындар кездеседі. Алайда шегіне берсең, қызыл жалын одан сайын күшіне мініп алады. Сондықтан өршіген өртті ауыздықтауға барымды салдым. Жалпы, мен Павлодар облысы Тереңкөл ауданы Трофимовка ауылының тумасымын. Біздің ауыл ақ қайыңды өлке. Әкем көз ашқалы мал шаруашылығымен айналысқан шаруа адам. Жаз кезінде он екі жасар мені қасына алып, екеуіміз далада шөп шабамыз. Маусым аяқтала, бір ай бойы жинаған мал азығын шөмеле қылып үйіп кеттік. Бір мая шөпті жүк көлігі бар көршіміз қоражайға жеткізіп беремін деп уағдаласқан еді. Көршіміз шапқан шөпті әкелемін дегенше кенет орман жақтан өрт шығып, салдарынан шалғымен шауып, тірнектеп жинаған шөбіміз өртеніп кете барды. Сол сәтте әкем қатты налыған еді. Артынан естісек, көкке шыққан ауылдастар орманда абайсызда өрт шығарып, ауыздықтай алмапты. Мен содан бастап, табиғатты аялау керектігін, әрдайым өртке қарсы алдын алу шараларын ұйымдастыру қажеттігін түсіндім. Себебі тілсіз жаудың тигізер зардабы көп.  

- Бұл сіздің тілсіз жаумен алғашқы күресуіңіз емес қой? 

- Иә, оқушы кезімде Тереңкөл ауданында  өрт болды. Өрт сөндіруге ауыл тұрғындары болып бәріміз жаппай бардық. Біздің өңір орманды жерде орналасқан. Орманның алып бөлігін ақ қайың құрайды. Менің қолымда ағаш кесетін құрылғы бар. Біз сол кезде қызыл жалынды ағаш кесетін құрылғылар арқылы ауыздадық. Яғни, өртеніп жатқан тоғай өзге тоғайдың басын шалмас үшін бірден кесіп құлатамыз. Егер олай етпесек, өрт бір ағаштың басынан бір ағашты шарпиды. Мен ауданда орын алған сол жағдайдан кейін өрт сөндіруде үлкен батылдықтан бөлек топографиялық білім қажеттігін түсіндім.

- Бұл жолы әскери топографияның пайдасы қалай тиді? 

Жеке құрам  жиырма бес шақырымға дейін орман ішіне еніп кетті. Айналаң түгел тоғай болғандықтан адасып кету өте оңай ондай жағдайда. Әмбе, лаулаған қызыл жалын жақындай түскенде қайда шегінеріңді білмей қаласың. Мен сол сәтте  қолымдағы компос арқылы жеке құрамды орманнан қауіпсіз жерге алып шықтым. Мен  тілсіз жаумен күресте екі жүз шақты әскеридің амандығына жауапты болдым. Әскери топография жергілікті жерді бағдарлау біліктілігін қалыптастыруда зор маңызға ие. Сондай-ақ байланыс құрылғылары арқылы жоғары жақта жылтыңдаған от көрсек, өрт сөндірушілерге жедел түрде ескертіп отырдық. Ал төмен жақта тұтанған ағаштарды жеке құрам болып, толықтай өшірдік.

- Өрт сөндіруде қандай қиындықтар орын алды? 

- Ауа-райы қолайсыз болды. Қатты дауылдың кесірінен өршіген өрт ырқымызға оңайлықпен көнбеді. Ағаш ортасынан жанған кезде  толықтай құлатпаса, өрт лезде жоғары басына лаулай жөнеледі. Айналаң қызыл жалынға айналғанда дегбірің қашып, бойыңды қорқыныш билейтіні ақиқат. Алайда әскери қызметші болғандықтан,  кез келген уақытта дұрыс шешім қабылдау қажеттігін түсінемін.

- Әңгімеңізге көп рахмет. Ізгі тілегіңіз болса, мархабат. 

- Алып аумақты алып жатқан ну орманмен бірге қызыл кітапқа енген қаншама фауна келмеске кеткендей. Аң-құс, тіршілік атаулы панасынан айырылды. Орманнан ытқып шығып, қайда қашарын білмей, делқұлы күйге түскен жануарларды көріп, жаның ашиды. Әрине, апат айтып келмейді. Дегенмен табиғатты анамыздай бағалау керек! Тілсіз жаумен күресте әскери топография ауадай қажет. Сондықтан бұл сабақты әскери салада ғана емес, жалпыға ортақ ұйымдастыру қажет деп санаймын.

Біз қоғамда болып жатқан санқилы оқиғалар легінде бейбіт күннің айнымас батырына айналған кейіпкерлерді  ұмытып жатамыз. Қызметте ауызынан шөп алмас, алайда  қойылған тапсырманы дер кезінде орындайтын әскери қызметшінің өрт кезінде суырылып алға шығып, белсенділік танытуын біз  азаматтың табиғат анаға деген орасан құрметі деп түсінуіміз қажет.

Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив