Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.55 524.28 4.75

Машина жасау өнеркәсібіне рекордтық көлемдегі инвестиция тартылды

1-08-2023, 10:44 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстандық машина жасау кәсіпорындары 118 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Қазақстандағы машина жасау саласын дамыту жөнінде айтып берді. Оның айтуынша, қазір өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы машина жасау үлесі 13%-ға жетіп, 3,8 мың кәсіпорын жұмыс істеп келеді. Онда 118 мыңнан астам адам еңбек етіп жатыр.

«Өңдеу өнеркәсібінің салалары арасында  машина жасау серпінді дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Кейінгі 5 жылда нақты өсімі көлемі 2,3 есеге ұлғайып, оның ішінде ең үлкен өсім автомобиль жасау секторына (4,7 есе) тиесілі. Егер де осы жылдар ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі орташа өсу қарқыны 4,5% болса, машина жасау саласында оның көлемі 17,6%-ға жетті. Бұл үрдіс 2023 жылы да сақталып отыр: нақты көлем индексі 6 айда 128,8%- ға жетті. Атап айтқанда 1,8 трлн теңгеге өнім өндіріліп, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38%-ға көп», деді ведомство басшысы.

Осы ретте министр жұмыс істеп тұрған өндірістердің  біртіндеп артуына қарай өнім көлемі одан әрі ұлғаятынын жеткізді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша машина жасауға шамамен 500 млн доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Бұл рекордтық көрсеткіш саналады. 2023 жылдың 1-ші тоқсанында салаға 208 млн доллар сомасына тікелей инвестиция құйылды. Бұл былтырғы кезеңдегі көрсеткіштен 4 есеге көп.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы одан әрі нығайту үшін ҚР ИИДМ Машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын әзірледі. Онда өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету арқылы базалық жағдайларды жақсарту, кадрлық әлеуетті және ҒЗТКЖ дамыту, өнімді өткізуді ынталандыру арқылы отандық өнімді ілгерілету, техникалық реттеу жүйесін жетілдіру және т. б. негізгі міндеттер мұқият қамтылған.

«Кешенді жоспарды іске асыру саланы ұзақмерзімді  кезеңде дамытуға жол ашады. Осы құжатта 2028 жылға қарай мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізу қарастырылған. Айталық, өнім өндіру көлемін 2,2 есеге, экспорттық тасымалды 5,7 млрд долларға дейін ұлғайту, еңбек өнімділігін 1,9 есеге арттыру және инвестиция мөлшерін 1,5 есеге көбейту міндеті тұр», деді М. Қарабаев.

ИИДМ басшысы айтқандай, 2028 жылға дейін 1,7 трлн теңгеге 24 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 151 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішінде 2023 жылы 217 млрд теңгеге 29 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Таяу уақытта іске асырылуға тиіс жобалардың ішінде тұрмыстық техника мен лифті өндірісі, теміржол құрамдарына арналған алюминий доңғалақ дискілері мен жинақтауыш бөлшектерді әзірлеу, бұрғылау қондырғылары мен ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру, жел қондырғыларына арналған мұнаралар мен қалақтар, Changan, Haval, Chery және Exeed жеңіл автомобильдері өндірісі қамтылған.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив