МСМ нақты қажеттілікті анықтау үшін өңірлердегі спорт нысандарына түгендеу жүргізеді
Мемлекеттің дене шынықтыру мен спорт саласына қатысты қоғам алдында екі негізгі міндеті бар. Ол ел тұрғындарының дене шынықтырумен айналысуына жағдай жасау және жоғарғы жетістіктер спортын дамыту. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлімдеді. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі мәселеге қатысты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.
Оның айтуынша, бұқаралық спорттың негізгі төрт ерекшелігі бар. Біріншісі, дене шынықтырудың барлық жас санатындағы азаматтар үшін қолжетімді болуы. Екіншісі, барлық жас санаты үшін үздіксіздігі және өзара сабақтастығы. Үшіншісі, спорттық жетістіктің болмауы, яғни, «Бастысы – жеңіс емес, қатысу» қағидасы. Төртінші ерекшелігі – арнайы дайындықтың қажет етілмеуі.
Қәзіргі таңда Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бұқаралық спортты дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарып отыр.
Республикада жыл сайын 1,2 млн адамды, оның ішінде ауылдық жерлерде 500 мың адамды қамтитын, әртүрлі деңгейдегі 25 мыңнан аса спорттық-бұқаралық іс-шара тұрақты түрде өткізіледі. Әсіресе, соңғы жылдары жүгіру, марафондар, велошерулер, спорттық фестивальдар, отбасылық жарыстар, жаппай сырғанау сынды іс-шаралар танымал бола бастады.
«Осы орайда, дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын азаматтардың ауқымын кеңейтудің маңызды бір құралы Президенттік тестілерді тапсыру болып табылады. Мысал ретінде 2020 жылдан бастап, ел бойынша мұндай тестілерді тапсыруға 7,6 миллион адам қатысты. Атап айтқанда, 2020 жылы – 1,2 млн адам, 2021 жылы – 2,6 млн адам, 2022 жылы – 3,8 млн адам тапсырған болатын. Нәтижесінде, бүгінгі күні елімізде дене шынықтыру және спортпен айналысатындардың саны халық санының 38,5%-ын (7,5 млн-нан астам адамды) құрайды. Сонымен қатар балалардың бұқаралық спортпен және дене шынықтырумен тұрақты шұғылдануына жіті назар аударылады», — деп атап өтті министр.
Оның мәліметінше, осы мақсатта республикада балалар мен жасөспірімдердің 800-ден астам клубы қызмет көрсетеді.
Оқу-ағарту министрлігінің желісі бойынша 2022-2023 оқу жылында қосымша білім беру бағдарламасы бойынша мектептерде 49 мыңнан астам спорт үйірмесі жұмыс істеп, оған 1,3 млн-ға жуық бала қатысты.
«Біздің Министрлік спорт және шығармашылық үйірмелерін жан басына қаржыландыру жобасына жауапты. Биылғы жылы мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша 190 мыңнан астам бала спорт үйірмелерімен қамтылды. Алайда, қазіргі таңда бұл бағдарламаны қалалық жерде іске асыру қолайлы болғандықтан, ауылдық жерге жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отыр. Бұл мәселені шешу үшін, Министрлік тарапынан жаңа тараумен толықтыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жағдай қаржыландыруды «қалалық» және «ауылдық» аймақтар деп бөлу (саралау) шарттарын енгізуді қамтамасыз етеді», — деді Асхат Оралов.
Өз кезегінде министр, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, саланың проблемалары да жеткілікті екенін жасырмады. Салаға жүргізілген талдау көрсеткендей, елде дене шынықтыруды дамытудың негізгі проблемасы – қажетті спорт инфрақұрылымының жетіспеуі.
«Жергілікті жерлерде әкімдіктер қолданыстағы спорт ғимараттарын, алаңдарын қайта қалпына келтіру және жаңарту, сонымен қатар халық тығыз орналасқан орындарда қымбат емес спорт нысандарын салу жөнінде біршама шаралар қабылдауда. Алайда бұл шаралар бүгінгі таңда жеткіліксіз болып отыр. Жалпы республика бойынша 43 мыңнан астам спорттық ғимарат болса, оның 23 мыңнан астамы – ауылдық жерде орналасқан. Биыл Үкімет қаулысымен бекітілген Жоспар-кестеге сәйкес 113 жаңа спорттық нысан салу, 20 спорттық нысанды күрделі жөндеу, жұмыс істеп тұрған спортнысандарын жете жарақтандыру жөніндегі 6 жоба бойынша жұмыс жалғастырылатынын атап өткім келеді. Сондай-ақ Министрлік қажеттілікті анықтау үшін бүгінгі күні облыстардағы спорт нысандарына түгендеу (инвентаризация) жүргізеді», — деді спикер.
Оның айтуынша, жас және кәсіптік ерекшелігіне қарай дене шынықтырумен шұғылданушылар бес санатқа бөлінеді. Олар мектеп жасына дейінгілер, мектеп оқушылары, студенттік жастар, еңбеккерлер және зейнеткерлер. Аталған бес санаттағы азаматтар арасында дене шынықтыруды дамыту мақсатты және жүйелі түрде ұйымдастырылуы тиіс.
Осы мақсатта оқушылар және студенттер арасында орта мектептің бағдарламасына кіретін спорт түрлерінен жыл сайын мектеп және студенттер лигалары ұйымдастырылып келеді. Бірақ, мектеп және студенттік лига үшін арнайы бюджеттік бағдарламаның болмауына байланысты бұл лигалар тиісті деңгейде ұйымдастырылмай отыр.
Асхат Ораловтың мәліметінше, еңбеккерлер мен зейнеткерлер арасында кешенді спорттық іс-шаралар өткізілмейді. Аталған лигалардың ауқымын кеңейтіп, әлеуетін күшейтіп, жаңа деңгейге көтеру үшін ағымдағы жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ кәсіподақтармен лигаларды бірлесе ұйымдастыратын болады.
Сонымен қатар биыл еліміздегі бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасы бекітілген. Тұжырымдамада нақтыланған көрсеткіштерге, қойылған нәтижелерге қол жеткізу мемлекеттік әлеуметтік саясаттың құрамдас бөлігі – дене шынықтыру мен спорттың дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін болады.
Өз кезегінде Дархан Сатыбалды тұрғындарды спорттық инфрақұрылыммен қамту үшін облыста 79 мың шаршы метр спорт залдары мен 8 мың шаршы метр бассейндер салынғанын мәлімдеді.
«Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынған жоспарына сәйкес, 6 айдың нәтижесі бойынша спорттық инфрақұрылыммен қамту көрсеткішінің нақты орындалуы 31%-ға жетіп, жылдық жоспар толығымен орындалып отыр. Спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында облыста бірнеше ірі спорт нысаны салынды. Атап айтқанда, Халықаралық Теннис орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Түркістан қаласында Мұз сарайының құрылысы жүргізілуде, нысанды тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр», — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар құрылысы келесі жылға өтпелі Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенін күрделі жөндеу және Ескек есу каналын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Аталған нысандардың құрылыс жұмыстарын аяқтап, мерзімінде пайдалануға тапсыру үшін Қаржы министрлігімен бірлесіп, тиісті жұмыстар атқарылып келеді.
Бұдан бөлек, «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында 18 елді мекенде жалпы аланы 22,5 мың шаршы метрды құрайтын 18 спорт залы мен дене шынықтыру кешендерінің құрылыстары жүргізіліп жатыр.
Оның ішінде, 3 мың шаршы метрды құрайтын 4 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, қалғандары келесі жылға қалдырылды.
«Бюджеттік қаражаттардан бөлек, спорттық инфрақұрылыммен қамту жұмыстарына жеке инвесторлар тартылып отыр. Жыл басынан бері 20 нысан жеке инвестициялар есебінен салынып, пайдалануға берілді. Жылдың соңына дейін жеке кәсіпкерлер есебінен қосымша 10 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Одан бөлек, спорт инфрақұрылымын аса қажет ететін ауылдардан спорт нысандарын салу бойынша арнайы жол картасы әзірленді. Жалпы, ауылдық жерлерде спорт нысандарын қажет ететін 96 елді мекен анықталып отыр», — деді Дархан Сатыбалды.
Келтірілген мәліметке сүйенсек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен бұл елді мекендерде тез салынатын модульдік спорт құрылыстарын қаржыландыру мәселесі пысықталуда.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, биыл спорттық инфрақұрылыммен қамту деңгейін 32,7%-ға, келесі жылы 38,4%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Өңірде спорттық инфрақұрылыммен қамту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Бұл жұмыстар әкімдіктің тұрақты бақылауында.