Қазақстан мен Ауғанстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті
Астанадағы қазақ-ауған бизнес-форумы бизнес пен үкіметтік топтардан 300-ден астам өкіл жинады.
Іскерлік форумды өткізуге екі тарап та мүдделі. Қазақстан – Ауғанстан нарығына ірі азық-түлік жеткізушісі. Қазақстандық экспорттың ең үлкен үлесі ұн мен бидайға тиесілі. Өткен жылы Ауғанстан 1,28 млн тонна қазақстандық ұнды импорттап, Өзбекстан және Тәжікстанмен қатар осы өнімді тұтынушы негізгі үш ел арасында көш бастады.
«Ауғанстан Қазақстан үшін ұн өткізетін негізгі нарық болып саналады, оған ұн экспортының жалпы көлемінің 70%-ы тиесілі. Қазіргі уақытта біз экспорттық себетті әртараптандыру үрдісін көріп отырмыз. Біздің есептер бойынша Қазақстанның Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау салалары бойынша $500 млн сомасына тауар жеткізетін экспорттық әлеуеті бар», — деп хабарлады форумда Премьер-Министрдің орынбасары-ҚР сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Вице-премьердің айтуынша, барлық Орталық Азия елдерінің ішінде Ауғанстан Қазақстанмен жисі саудаласады. Екі ел арасындағы өзара тауар айналымы шамамен $1 млрд-қа жетті, болашақта сауда көлемін $3 млрд-қа дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Биыл Гератта Қазақстанның сауда үйі ашылды, бұл екі ел арасындағы экспорттық-импорттық тасымалды ұлғайтуға және әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Ауғанстан халқы шамамен 40 миллион адамнан тұрады. Бұл ретте еліміз сауда-саттық саласында қызығушылық танытып отырған Пәкістан мен Үндістанның, сондай-ақ Таяу Шығыстың жақын маңдағы кең нарықтарына шыға алады. Осы тұрғыда Қазақстанның Ауғанстан арқылы өтетін сауда бағыттарын әртараптандыру сауда қатынастарын дамытуға және екі елдің экономикасын нығайтуға ықпал ететін болады. Бірінші жартыжылдықта Қазақстан пәкістандық картоптың импортын Ауғанстан аумағы арқылы өтетін және Пәкістанды Орталық Азия елдерімен, оның ішінде біздің елмен байланыстыратын ең қысқа автомобиль жолы арқылы жүзеге асырды.
Бүгінде қазақстандық бизнес өңірдің барлық елімен өзара іс-қимыл жасайды. Сауданың қауіпсіздігі мен тартымдылығын қамтамасыз ету үшін тараптар өзара сауда-саттық үшін оңтайлы жағдай жасауға келісуде.
«Бүгінде Түрікменстан өз аумағы бойынша тасымалдарды дамытуға мүдделі және өз аумағында жеңілдікпен транзиттік тариф ұсынуға дайын. Бұл бағыт, ең алдымен, ұн тартатын өнімдерге балама жөнелту бағыты бола алады. Осы мақсаттар үшін шикізаттық емес тауарлардың экспортын ілгерілетудің бірыңғай операторы QazTrade отандық тауарларды Болашақ станциясына дейін жеткізуді арзандатуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар біз Өзбекстанмен екі ел аумақтарымен транзиттік теміржол тасымалдарына жеңілдік шарттарын ұсыну бойынша уағдаластықтарды нығайттық, осылайша біз Ауғанстанға ұн мен астықты тепе-тең негізде жеткіземіз», — деді Серік Жұманғарин.
Транзиттік-көлік жүйесін кеңейту үшін 2021 жылы Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан билігі Термез – Мазари – Шариф – Кабул – Пешавар трансафган теміржолын ұзартуға келісті. Бұл маршрутты салу тек Ташкент, Кабул және Исламабад үшін ғана емес, сондай-ақ Азия аймағының басқа елдері, сондай-ақ Таяу Шығыс үшін де сауда жолдарын ашады.
«Қазақстан Мазари – Шариф – Кабул – Пешавар теміржол трансафган көлік дәлізін салу бастамасын жоғары бағалайды, бұл Орталық Азия мемлекеттерінің Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс елдерімен үздіксіз өңіраралық ынтымақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл бағыт сауда-экономикалық қатынастар динамикасына жаңа серпін береді», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – cауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Қазақстандық тараптың пікірінше, Ауғанстанмен энергетика саласындағы ынтымақтастық үшін жақсы перспективалар бар. Атап айтқанда, мұнай мен газды өндіру және тасымалдау жөніндегі жобаларды іске асыру елдерге өз экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазақ-ауған бизнес-форумын өткізу аясында B2B келіссөздері өтті, оған екі елдің іскер топтарынан 250 өкіл қатысты.