Есеп беру жиынында аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев қала тұрғындарына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Жақын арада Курчатов қаласында қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар жобалар бекітіліп, оны жүзеге асыру 2024-2025 жылдарға жоспарланған.
«Алдыңғы өткен кездесуімде сіздер өзекті мәселелердің аз емес екенін айтқан едіңіздер. Шын мәнінде солай, шешілмеген мәселе көп. Біз олардың шешімін табуға бар күшімізді салып жатырмыз. Әрине, мұның барлығы бір-екі күнде шешіледі деп айта алмаймын. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Өткен бірнеше ай мен биылғы жылдың алты айында бірқатар шараларды қолға алдық», - деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Курчатов қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты, кейбір көрсеткіштер бойынша өсу байқалады. Курчатов қаласының өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,9 млрд тенгені құрап, өсу қарқыны 142 % жетті. Осы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ететін негізгі кәсіпорындар – «УМЗ» АҚ тау-кен өндірісі комбинаты, «Азот» ӨК, «Мерусар и К» және «КИП «Луч» ЖШС болып табылады. Ауыл шаруашылығының жалпы көлемі 157,9 млн тенгені немесе 120,7 % құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 593 субъект тіркелген, ол 33 %-ға өсімді көрсетеді. Бөлшек сауда айналымы 21,4% өсімді көрсетіп, 3,7 млрд тенгені құрады. Негізгі қорға салынған инвестициялар көлемі 2,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың жарты жылдық кезең көрсеткіштерінен 2,7 есеге артты.
Қалада медициналық көмек көрсететін Курчатов қалалық ауруханасы жұмыс істейді. Онда 26 дәрігер мен 80 медициналық қызметкер көмек көрсетеді.
«Өткен жылы 101,6 млн теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, 73,3 млн теңгеге ғимараттың екінші қабатының күрделі жөндеуі аяқталды. 23,7 млн теңгеге екі лифт жөнделді, 28,2 млн теңгеге электрмен жабдықталды», – деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Тұрғындардың Курчатов қаласының өміріне белсенді араласуына жағдай жасау мақсатында әлеуметтік желілерде «Әсем қала» акциясы басталды, оның аясында әрбір тұрғын өз ұсыныстарын айта алады.
Мәселен, 12 аула аумағына ағымдағы жөндеу жүргізілді. 30 камера орнатылып, 56 камера жөнделді, нәтижесінде қалада 280 камера жұмыс істейді. 39 көшеге жарықтандыру шамдары орнатылды. Кіреберістегі аркаларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Айдана» ЖК - мен Тәуелсіздік, 51, Олимпийская, 28 және Молдары көшелері бойына үш балалар ойын алаңын орнату бойынша келісім жасалды. Аяқтау мерзімі тамыз айының соңында деп жоспарланған.
Жүргізіліп жатқан барлық іс-шаралар Абай өңірінің даму міндеттерін сапалы шешуге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Кездесуден кейін аймақ басшысы тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, азаматтарды жеке қабылдады.