Қорғаныс министрлігінің комиссиясы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 70-ке жуық ұсыныс дайындады
Астанада Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың төрағалығымен қорғаныс ведомствосының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиясының отырысы өтті.
Оған Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әскери ұжымдарда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға жауапты әрбір лауазымды тұлға мен командирдің басты міндеті, – деп атап өтті алқалы органның төрағасы.
Отырыста үміткерлердің жоғары әскери оқу орындарына түсуі және әскери медицина саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша лауазымды тұлғалардың баяндамалары тыңдалды.
Мұндай құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатымен қорғаныс ведомствосының орталық аппараты мен гарнизондарда әскери ортада сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаудың алғышарттарын ерте анықтауға бағытталған жұмыстар тұрақты негізде жүргізіліп келеді.
Биыл Қорғаныс министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 70-тен астам ұсыныс әзірледі. Олар әскери қызметке шақыру, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, құрылыс және әскери басқару органдары қызметінің басқа да бағыттарына қатысты.
Жалпы, ведомстводағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйін салыстырмалы талдау 2020 және 2021 жылдары қабылданған алдын алу шаралары соңғы екі жылда сыбайлас жемқорлық сипатындағы іс-әрекеттер саны азайғанын көрсетеді.
Отырыста атап өтілгендей, сыбайлас жемқорлыққа құқықтық нигилизм, бөлімшелердің жауапсыз басшыларының өзімшілдік ниеттері және қолбасшылық тарапынан бақылаудың әлсіздігі себеп болып отыр.
Жиын қорытындысы бойынша әскерге шақыру жасындағы адамдарды кейінге қалдыру, әскери міндеттілерді әскери жиындарға жіберу мәселелерін ерекше бақылауға алу тапсырылды.
Жергілікті әскери басқару органдары кадрлық құрамының сапасын жақсарту мақсатында Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жеке құрамын жасақтау бойынша мамандарды іріктеу әдістемесін жетілдіру мен кәсіби даярлау жөнінде ұсыныстар жинауды жүзеге асыратын болады.
Бас әскери медициналық басқармаға Кадрлар департаментімен бірлесіп, әскери бөлімдер мен мекемелердің кадр бөлімшелеріне әскери қызметшілерді куәландыру қорытындыларын беру мерзімдерін регламенттеу тапсырылды.