«ҚазАвтоЖол» мен Жол активтерінің ұлттық сапа орталығында жаңа ереже қалыптасуда
Жол ұйымдарының өзара іс-қимылын көздейтін жаңа регламент биыл шілденің 14-нен бастап күшіне енді
Құжатта еліміздегі автожолдардың сапасын сараптау тәртібін реттейтін жекелеген нормалар қарастырылған. Бұл түзетулер мердігер ұйымдар орындайтын құрылыс жұмыстарының сапасын тексеруді жеңілдету үшін қолға алынды.
Бұл тұста былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бас прокуратура автожол саласында тексеру жұмыстарын жүргізгенін айта кеткен орынды. Соған сәйкес мердігер ұйымдардыңҰлттық сапа орталығы жүргізген жол-құрылыс материалдарының теріс сынамаларының орнына жеке аккредиттелген зертханалар арқылы оң нәтижені ұсынып отырғаны анықталды.
Кейінгі екі жылда жекеменшік зертханалардың жол-құрылыс материалдарының сапасын оң бағалайтын 800-ге жуық қорытындыны бергені белгілі болды. Ал олардың дені Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жүргізген нәтижелергеқайшы.
Анықталған кемшіліктердің қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов автожол саласын одан әрі жаңғырту мен реформалау жөніндегі Жол картасын бекітіп, жекелеген зертханалардың қорытындыларын пайдалану тәжірибесін алып тастауды ұсынды.
Жол картасын іске асыру аясында тиісті сараптаманы жүзеге асыру кезінде нормативті-құқықтық акт болып саналатын Жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуді ұйымдастыру қағидаларының мәнін ашатын регламент бекітілді. (ҚР ИИДМ 20.03.2015 ж. №305 бұйрығы).
Жаңа регламент барлық кемшілікті анықтап, реттеуге мүмкіндік берді. Бұдан былай мердігер ұйым сынақ қорытындыларына байланыстыҰлттық сапа орталығының теріс қорытындысымен келіспеген жағдайда мүдделі тараптардың қатысуымен қайтадан комиссиялық сынақты жүргізуге талап ете алады. Осы ретте мердігер комиссиялық сынақ жұмыстарын міндетті түрде Ұлттық сапа орталығы өкілінің қатысуымен аталған орталықта немесе кез келген аккредиттеуден өткен басқа зертханада жүргізе алатынын айта кетейік.
Осы өзгеріс жекеменшік зертханалардың жұмысына кедергі келтірмейтінін атап өткен жөн. Неге десеңіз, қолданыстағы заңда жол-құрылыс материалдарының сапасын сынауға байланысты Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мен жекелеген зертханалардың қызметі нақты айқындалғандықтан жаңа салалық ережелер демонополияға жол беретіндей нормалар жоқ.