Абай облысында жаңа заманауи 2 мектеп ашылды
Жаңа оқу жылынан бастап ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірде ақпараттық технологияларды тереңдетіп оқытатын заманауи мектептер ашу туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында Абай облысында ақпараттық технологияларды оқытуға бағытталған жаңа үлгідегі екі инновациялық мектеп іске қосылды. Ашылу рәсіміне Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков қатысты.
Alikhan Bokeikhan University жанынан ашылған «Alikhan Bokeikhan School» инновациялық мектебінде 7-11 сынып оқушылары білім ала алады. Мектеп оқушыларды IT-индустрияда жұмыс жолын бастауға, ҰБТ/SAT/IELTS емтихандарын сәтті тапсыруға және Қазақстан мен шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарына түсуге дайындайды. Білім ордасы жаратылыстану-математика пәндерін тереңдетіп оқытып, үш тілде сапалы білім береді.
Білім беру «Abai IT-Valley» IT-Хабы негізінде жүргізіледі. Бұл оқушыларға IT-технологияларды тереңірек түсінуге және қолдануға ықпал етеді.
Alikhan Bokeikhan Sсhool-де IT-әзірлемелерді дайындау, ғылыми зерттеулер жүргізу, білім беру және қоғамдық бастамаларды жүзеге асыру салалары бойынша практикалық дағдыларды дамытатын үйірмелер мен клубтар жұмыс жасайды.
Сондай-ақ, бүгін Шәкәрім атындағы университет жанындағы «Shakarim High School» жоғары мектебінің ашылуы өтті. Мектеп тек оқытуға ғана емес, педагогикалық білім беру бағдарламаларына түсуді жоспарлаған дарынды оқушыларды анықтауға және қолдауға бағытталған. Білім ордасында оқыту қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағытта қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Жоғары мектепте білім беру жаңартылған білім мазмұны бойынша жүзеге асырылады.
«Shakarim High School» мектебінде ағылшын тілін қарқынды оқыту, ҰБТ-ны сәтті тапсыру үшін пәндерді тереңдетіп оқыту, оқушылардың сыни ойлауын дамытуға арналған оқыту технологиялары қолданылады. Сондай-ақ, оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететін үйірмелер жұмыс жасайды.