Қазақстан мен Қытайдың жол ғалымдары ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады
Цзянсу Ұлттық жол ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары елордасы Астана қаласына ат басын тіреді
Екі жақты кездесу барысында көлік инфрақұрылымын жобалаудың жаңа әдістерін енгізу және негізгі зерттеу жобаларын іске асыру перспективалары талқыланды.
Осы ретте Jiangsu transportation Institute – Қытайда жолдарды жобалау мен салуда, сондай-ақ жол-құрылыс саласының нормативтік-техникалық базасын реформалауда бай тәжірибесі бар көлік саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу институты екенін айта кеткен орынды. Қазір JSTI Group Co Ltd әлемдегі үздік 150 инжинирингтік компанияның ішінде 56-шы орында.
Өз кезегінде JSTI басшылығы өзара ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін айтып жеткізді. Өйткені Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының өте белсенді әрі маңызды қатысушысы.
«Екі ел орналасқан жері, климаттық және басқа да сипаттары бойынша өзара ұқсас келеді. Әлбетте, жол саласы үшін шыжыған ыстық пен қыстың аязы айтарлықтай ыңғайсыздық туғызатыны тағы бар. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арқылы жүктердің белсенді транзиті жүріп жатыр. Сондықтан біз жолдардың бұзылуына қарсы тұру үшін тиімді әдістерді бірлесіп әзірлей аламыз, сондай-ақ жол құрылысы сапасын бақылауды жақсарту үшін бірлесе жұмыс жасай аламыз», деді кездесуде Jiangsu Transportation Institute бас инженері, ұлттық озық жол материалдарын зерттеу орталығының директоры Чао Ронджи.
«Жұмыстың сапасы мен әлеуметтік мәселелерді, сондай-ақ құрылыстың құнын ескере отырып, жол құрылысы қағидаттарын құрудың дұрыс, теңдестірілген стратегиясын әзірлеуіміз керек. Бізде, ең алдымен, жаңа асфальтбетон қоспаларын әзірлеу, жобалау және ғылыми-зерттеу жұмыстары саласындағы ынтымақтастық үшін көптеген ортақ мақсат-міндеттер бар. Ал осы жол көлігі саласындағы стратегиялық мәселелерді бірлесіп шешу үшін ҚазжолҒЗИ базасында Қазақстан-Қытай зерттеу орталығын құруға ниеттіміз», деп толықтырды профессор.
Шетелдік қонақтарға Қазақстандағы жалғыз жол ғылыми-зерттеу институтының негізгі қызметі, жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері, сондай-ақ ҚазжолҒЗИ ғалымдарының соңғы әзірлемелері туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, жол битумының нанокөміртекті және өзге де инновациялық модификаторларының презентациялары таныстырылып, сондай-ақ сала мамандары, тас карьерлері, жаңа технологиялар мен материалдар, көпірлерді басқару жүйесі және цифрлық деректер базасын құру жөніндегі басқа да жобалар қонақтардың назарына ұсынылды.
Келіссөздер барысында «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті Арман Әлібаева осы жылдың сәуір айында қазақстандық ғалымдардан құралған делегацияны қарсы алған Jiangsu Transportation Institute компаниясына алғыс білдіріп, ұзақ әрі жемісті ынтымақтастыққа ниетті екенін жеткізді. Айта кетерлігі, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты аталған институтпен ұзақ уақыт бойы бірлесе жұмыс істеп келеді. Институт басшылығы кездесу барысында жаңа әзірлемелерді, технологиялар мен жабдықтарды сынақтан өткізуге болатын жаңа бірлескен пилоттық жобаларды талқылауға дайын екендіктерін айтып жеткізді.
Бүгінгі таңда битумдарды жақсарту, жаңа жол-құрылыс материалдарын және озық зертханалық жабдықтарды жасау бойынша зерттеулер екі тарапты да қызықтырып отыр.