ҚР мен ҚХР арасындағы 2024 жылға арналған теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі келісілді
Шымкент қаласында ҚР және ҚХР шекаралық темір жолдары аралас комиссияларының 32-ші кезекті отырысының хаттамасына қол қойылды.
Кеңесте 2023 жылдың 8 айында Қытай мен Қазақстан арасындағы жүк және контейнерлік тасымалдар қорытындылары шығарылып, 2022 жылдың деңгейіне 3,6 млн тонна өсімімен 26,8 млн тонна жүк деңгейінде жыл соңына дейін тасымалдау көлемін сөзсіз орындау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Экспорт 25%, яғни 16,2 млн тоннаға дейін, импорт 6%, яғни 10,6 млн тоннаға дейін өседі.
Кеңесте ҚР және ҚХР теміржол әкімшіліктерінің өкілдері 2024 жылға 27,8 млн тонна жүк тасымалдау көлемімен келісті, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 1 млн тоннаға артық.
2024 жылғы қаңтардан бастап қытайлық тарап Алашаңқай станциясы бойынша астық тасығыштарда, жабық вагондарда және контейнерлерде астық жүктерін қабылдауды екі есе арттырады. Қазақстандық тарап өтініші бойынша ҚХР алғаш рет Қорғас станциясы бойынша астық тасығыштар мен жабық вагондарда астық жүктерін қабылдауды бастайды. Сондай-ақ, қазақстандық экспорттаушылардың тілектерін ескере отырып, өсімдік майлары, металл кендері (түйіршіктер, концентраттар), мұнай коксы сияқты жүктерді қабылдау ұлғаяды.
Сондай-ақ, тараптар Достық – Мойынты, Алашаңқай – Джинхэ шекара маңы станциялары мен учаскелерінің өткізу қабілетін кеңейту, терминалдарды салу және жаңғырту жөніндегі іс-шаралардың орындалу барысын талқылады.
Кездесу барысында барлық мәселелер шешілді, бұл шекара маңындағы станцияларда жүк ағынын арттыруға мүмкіндік береді.