«Жолаушылар тасымалы» АҚ паркі жаңа вагондармен толықтырылды
Көлік комитетінің төрағасы Алтай Әлі «Нұрлы жол» темір жол вокзалында өткен салтанатты іс-шараға қатысты
Осылайша «Жолаушылар тасымалы» АҚ паркі отандық жаңа жолаушылар вагондарымен толықтырылды. Су жаңа вагондарды қазақстандық «ЗИКСТО» зауыты жасап шығарған. Вагондар барлық заманауи талапқа жауап береді. Атап айтқанда, кондиционер, ауаны тазарту сүзгілері, датчиктер, тамбурлардағы бейнебақылау жүйесі, электр розеткаларымен қамтамасыз етілген. Комитет төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта жолаушылар вагондарының паркі шамамен 2500 бірлікті құрайды.
«Министрлік тарапынан жолаушылар тасымалына арналған темір жол паркін жаңарту бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Осы ретте вагондарды отандық өндірушілерді қолдап, солардан алуымыз қуантарлық жағдай, әрине. «ЗИКСТО»-мен жасалған шартқа сәйкес 50 жаңа жолаушылар вагоны сатып алынды. Бұл шаралар тасымалдау процесін жүзеге асыру кезінде жолаушыларға барынша жағдай жасау мақсатында қолға алынып отыр», деді А.Әлі.
Жаңа жылжымалы құрам плацкарт және купе вагондарынан тұрады, қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін.
«Келесі жылдың басында «ЗИКСТО» АҚ жолаушылар тасымалына арналған тағы 100 вагон жасап шығарады деп күтілуде», деді сөз кезегінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Жәнібек Тайжанов.
Айта кетерлігі, соңғы 10 жылда темір жол көлігі паркі 50 пайызға жаңартылған. Осы уақыт аралығында заманауи халықаралық талаптарға сәйкес келетін 1200-ден астам вагон сатып алынды.