Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
523.17 550.06 4.93

Адал еңбек – әулеттің бойтұмары

19-09-2023, 16:19 018.kz

Адамзат баласын бір-бірінен ерекшелеп, екшеп тұрған –  білім мен еңбек.  Сондықтан да қоғамда еңбек адамына деген құрмет ерекше болмақ.  Бұл ретте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету. Маңдай терімен табыс тапқан адам оны мақсатсыз шашып, ысырап қылмайды. Үнемшіл, қанағатшыл әрі ұқыпты болады,- деген болатын. 

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ,

“Семей таңы”

Барқытбел баурайындағы еңбегімен  елге етене таныс әулет – Жирентаевтар отбасы.  Аграрлық секторды дамытып, төрт түлікті түлету әулет мүшелері үшін атадан балаға беріліп келе жатқан мұра іспетті. «Мал баққанға бітеді» демекші, бүгінде «Бәкей» шаруа қожалығы құлашын кеңге жайып, мыңғырған мал өсіріп, көл-көсір өнімге  кенеліп отыр. Әрине, бұл – адал еңбек пен қажырлы қайратың жемісі.

Тақыр жерге шөп шықпайтындығы сияқты, жетістіктің бастауында әулеттің үлкені, отағасы – Төлеген Бәкейұлының тектілігі, мал шаруашылығына деген сүйіспеншілігі тұрғаны түсінікті. Жеке шаруашылықтан бұрын, ол саналы ғұмырын ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арнады. 

Кейіпкеріміз 1954 жылы Мақаншы қазақ орта мектебін аяқтай салысымен Алматы мемлекеттік зоотехникалық-малдәрігерлік институтына зоотехник мамандығы бойынша білім алды. Қолына диплом алған жас маман 1959-1962 жылдары Мақаншы ауданындағы Киров ұжымшарында бас зоотехник болып еңбек жолын бастады. 1963 жылы ауыл шаруашылығы басшысы қызметкерлерін даярлайтын Республикалық бір жылдық мектепті аяқтағаннан кейін, 1964-1970 жылдары Мақаншы ауданындағы «Арқалды» қой кеңшарында директордың орынбасары және бас зоотехник болып жұмыс істеді. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын, ұжымның ұйытқысы бола білген басшыға осы тұста  "Құрмет белгісі" ордені берілді. Атақ пен абыройға масайрауды білмейтін азаматтың еңбек жолы 1970-1973 жылдар аралығында Мақаншы ауданының ауыл шаруашылық өнімін дайындау және сапасын тексеру инспекциясының бас инспекторы қызметі арқылы өрбіді. 1973-1976 жылдары Мақаншы ауданы ауылшаруашылық басқармасының бас зоотехнигі қызметін абыроймен атқарды.   

1976-1979 жылдары жаңадан құрылған Мақаншы мамандандырылған мал бордақылау кеңшарының директоры болған кезде 15 мың қой, 2 мың ірі қара бордақылайтын үлкен алаң салғызды.  Төлеген Бәкейұлы басқарған ұжым екі мәрте облыстың ауыспалы Қызыл туын жеңіп алуы оның іскерлігі мен білікті басшы болғандығын байқатады.

Саналы ғұмырында ат үстінен түспеген азамат 1979-1981 жылдар аралығында Мақаншы аудандық атқару комитетінің  төрағасының бірінші орынбасары  қызметінде жүріп, аудан көлемінде құрылыс және сауда салаларына басшылық етті. 1981-1990 жылдары Мақаншы ауданы «Пограничный» кеңшарында директор болып қызмет атқарды. Кеңшар аудан және облыс көлемінде қазақтың ақбас сиыры мен кеңестік жүндес  ешкісін өсіріп, өңірдегі алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналды. Осы жылдары Ақшоқы ауылында 140 бала тәрбиеленетін балабақша бой көтерді, 300 орындық мәдениет үйі ашылды, 624 оқушы білім алатын мектеп салынды, жыл сайын 20 тұрғын үй салынып, жұмысшыларға кезекпен беріліп отырды. Ауылдың көшелеріне шағыл тас төселіп, жөндеуден өтті.

2000 бас ірі қара бордақыланатын алаң салынды, бордақыланған мал мемлекетке 500 келі  орташа салмақпен өткізіліп, жоспар 108 пайызға орындалды. Мал басын асылдандыру және өнімділігін көтеру мақсатында шаруашылық ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз жұмыс істеді. Ірі қара мал басын өнімін артыру үшін Австрия, Белоруссия мемлекеттерінен  асыл тұқымды мал әкелініп, асыл-тұқымды шаруашылық дәрежесіне ие болды. 1990-1993 жылдары Мақаншы  аудандық атқару  комитетінің төрағасы, аудандық кеңестің төрағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды.

Төлеген Бәкейұлы зейнеткерлікке  шыққан соң, 1994 жылдың қыркүйек айына дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Төлеген Бәкейұлы ауыл шаруашылығын өркендетумен бірге,  ұлттық руханиятқа да өзіндік үлесін қосты. Шежіре жинақтап, «Тоғыз тума тарихы» кітабының жарыққа шығуына атсалысқан авторлардың бірі.

Жылқының сырын сыртына қарап сезетін, төрт түлік өмірінің бөлінбес бөлшегіне айналған азамат 1994 жылы «Бәкей» шаруа қожалығын құрды. Бүгінгі күні Үржар ауданындағы ірі шаруа қожалығына айналған бұл шаруашылық тізгіні ортаншы ұлы - Берікке тапсырған. 

Шаруашылық асыл тұқымды "Әуликөл", "Шароле" етті бағытты мал өсіреді. 500 бас жылқы, 700 бас сиыр өрісте болса, 400 бас өгізше бордақылау алаңанда жемделуде. Сонымен бірге, егін егумен де айналысады. Қожалық иелігіндегі   9500 гектар алқаптың 1973 гектары егістік жерлер. Жаңа техника мен технология жетістіктің бастауы екендігін жақсы түсінген аграрийлер Үржар ауданы көлемінде бірінші болып тамшылатып суару әдісін енгізіп, инновациялық технологиямен екінші жыл қатарынан 75 гектар жүгері өсіріп жатыр. Орташа түсім гектарына – 4,5 тонна.

Үлкен ұлы Болат ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметке араласып, 12 жыл Ақшоқы ауылдық округі әкімінің қызметін атқарды. Ұлы Ерікпен Ақшоқы ауылында "Мыңғой-Агро" шаруашылығын құрып, асыл тұқымды "әуликөл" етті бағытты ірі қара мал өсіріп, өсімдік шаруашылығымен де айналысуда.  Шаруашылық иелігінде 10 600 гектар жер, 200 бас ірі қара, 150 бас жылқы бар.

Ал кіші ұлы – МәуленБ «Бәкей» шаруа қожалығы басшысының орынбасары. 

Төлеген Бәкейұы жары Нұржамал Қабдолдақызымен бес балаға әлемнің жарығын сыйлап, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. 17 немере,  37 шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әженің айтуынша,  бақыттың кілті – еңбекте.

- Адам – еңбегімен сүйкімді, қай уақытта болмасын, адамзат баласы бір-бірінен білімі мен пайым-парасаты арқылы ерекшеленген. Бүгін мәуелі бәйтеректей тамырымызды тереңге жайып, ұрпақтарымызбен көктеп отырғандығымыз – жас күніміздегі тынымыз жұмысымыздың нәтижесі деп ойлаймын. Уақытпен санаспай, өзімізге жүктелген міндетті жоғары дәрежеде орындауға тырыстық. Балаларымызды адал жолмен жүруге, әділдіктен аттамауға үйретіп, жастайларынан еңбекке баулыдық,- деген Төлеген Бәкейұлы. 

Әке жолын жалғап, еңбекшілер династиясын қалыптастырған балалары мен немерелері ауданның дамуына атсалысып, әртүрлі қайырымдылық шараларына қатысу арқылы әлеуметтің әлеуетін арттыруға атсалысып жүр. 

- Туған өлкенің көркеюіне үлес қосу – әрбір азаматтың парызы. Ауданда өтіп жатқан қоғамдық шаралардан қалыс қалмай, қолдау танытуға тырысамыз. Өз ісімізді дөңгелету арқылы үш шаруа қожалығында 25 ауылдасымызды жұмыспен қамтып отырмыз. Жыл санап техникаларымызды жаңартып, еңбек өнімділігін арттыруға көңіл бөлеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, азық-түлік қауіпсіздігі жолында таза табиғи өнім өндіріп жатқанымызды мақтан тұтамыз. Алдағы уақытта да асыл тұқымды  мал басын арттырып, шаруашылығымызды кеңейте түсу – мақсатымыз,- деп атап өтті Болат Төлегенұлы.

Төлеген Жирентаев көп жылдар бойы еліне сіңірген еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Мемлекеттік шекараны үздік қорғағаны үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары табысталды. «Үржар ауданының құрметті Азаматы» атанды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив