Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.55 524.28 4.75

Еңбекминінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды

22-09-2023, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың төрағалығымен Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Отырыс барысында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуге бағытталған ҚР Әлеуметтік кодексінің нормаларын іске асыру кезеңдері, сондай-ақ оңалтудың техникалық құралдарын өзектендіру, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету және т.б. мәселелер қаралды.

Отырысқа ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыс әкімдерінің штаттан тыс кеңесшілері қатысты.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы хабарлады. Ол Әлеуметтік кодексті іске асыру кезеңдері туралы егжей-тегжейлі айтып, құжатта ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға көп көңіл бөлінетінін атап өтті.

Мәселен, бірінші кезекте мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақылар ұлғайтылды, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер де қолжетімді болды.

«2023 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар адамдарға, оларға күтім жасайтын адамдарға, асыраушыларынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 14,5%-ға ұлғайды. Жыл басынан бері жәрдемақы мөлшерінің 8,5%-ға ұлғаюын ескере отырып, төлемдер мөлшері өткен жылдың деңгейіне қарағанда жалпы алғанда 23%-ға өсті», – деді Назгүл Сағындықова.

Әлеуметтік кодексте мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту көзделген. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші ретінде рәсімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады.

Осылайша, еңбекке қабілетті жастағы жұмыспен қамтылмаған отбасы мүшелері жұмыспен қамтамасыз етілетін болады және ықтимал әлеуметтік тәуекел жағдайында әлеуметтік қамсыздандыру шараларымен қамтылатын болады.

«Сонымен қатар Әлеуметтік кодексте әлеуметтік қызметкердің мәртебесі бойынша новеллалар қарастырылған. Енді әлеуметтік жұмыспен тек біліктілікті тәуелсіз бағалаудан өткен және тиісті сертификаты бар мамандар ғана айналыса алады. Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін мамандарды таңдау үшін 2025 жылдан бастап олардың біліктілігі, көрсетілген қызметтердің түрі мен сапасы туралы толық ақпаратты қамтитын әлеуметтік қызметкерлер тізілімі қалыптастырылады. 2025 жылдан бастап көрсетілетін қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескере отырып, әлеуметтік қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесі қайта қаралатын болады», – деп хабарлады вице-министр.

«ALTYN TIME мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағат Омарғалиев оңалтудың техникалық құралдарын өзектендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Көлік министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Қасым Тілепов әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Азамат Дүйсенов республикада мүгедектіктің төмендегені туралы хабарлады.

Сондай-ақ, отырыс барысында жұртшылық өкілдері арасынан Үйлестіру кеңесі мүшелерінің ұсыныстары талқыланып, барлық қаралған мәселелер бойынша ұсыныстар берілді.

Естеріңізге сала кетейік, Үйлестіру кеңесі – бұл қызметі мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғау, құқықтарын іске асыру және өмір сүру сапасын жақсарту саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге бағытталған консультативтік-кеңесші орган.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив