Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Еңбекминінде мүгедектігі бар адамдардың мәселелері талқыланды

6-05-2023, 16:45 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығы алаңында вице-министрлер Назгүл Сағындықова мен Ербол Оспанов мүгедектігі бар белсенді азаматтармен кездесті, оның барысында ведомство өкілдері ҚР Әлеуметтік кодексінде көзделген ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдау шараларын күшейту туралы айтып, олардың сұрақтарына жауап берді.

Кездесуге еліміздің барлық өңірлерінен 250-ге жуық адам, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еран Әбдиев пен Кенжеғұл Сейтжан, ҚР ЕХӘҚМ салалық департаменттерінің басшылары қатысты. 

Сондай-ақ, бейнеконференцбайланыс режимінде кездесуге жергілікті атқарушы органдардың өкілдері: облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары қатысты.  

Назгүл Сағындықова қатысушыларға Әлеуметтік кодексте көзделген мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шараларын күшейту туралы айтып берді.

Әлеуметтік кодекстің негізгі новеллаларының бірі әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау болып табылады, оның басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің (бұдан әрі – АӘҚ) қолжетімділігін арттыру.

Ол сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтер стандарттарын қайта қарау және жан басына шаққандағы норматив енгізу жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл өзгерістер жеке секторды кеңінен тарту арқылы, әсіресе ауылдық елді мекендерде арнайы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Бұдан басқа, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерін 14,5%-ға ұлғайту жоспарлануда», – деп қосты Назгүл Сағындықова.

Өз кезегінде Ербол Оспанов мүгедектігі бар адамдарды сапалы техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету бөлігінде Әлеуметтік кодексте көзделген өзгерістер туралы айтты.

«Жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – ӘҚП) бойынша комиссияларға жаңа өкілеттіктер беру көзделеді: мүгедектігі бар адамдардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы өтінішін 5 күн ішінде қабылдау және қарау; өнім берушіге өтініш жолдау және оның орындалуын бақылау; өнім берушіні ӘҚП-нан шығару және жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдау», – деді Ербол Оспанов.

Кездесу барысында мүгедектігі бар адамдар жеке көмекшінің құқықтары мен мүмкіндіктері, инватаксидің жұмыс істеуі, санаторий-курорттық емдеу кезеңіне сүйемелдеу мүмкіндігі, әлеуметтік қызметтерді монетизациялау, ӘҚП жұмысы мәселелерін көтерді. Жалпы, бүкіл ел бойынша мүгедектігі бар адамдар көтеретін мәселелер қаралды.

Барлық айтылған мәселелер бойынша Еңбекминінің өкілдері тиісті түсініктемелер берді. Сондай-ақ, осы форматта мүгедектігі бар адамдармен кездесулерді тұрақты негізде өткізу жоспарланып отырғаны атап өтілді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив