ҚР денсаулық сақтау министрлігі ревматологиялық ауруларды ерте диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістерін енгізуде
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі ревматологиялық қызметті одан әрі дамыту және жетілдіру жөніндегі іс-шараларды әзірлеп, енгізуді жоспарлап отыр.
Ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстанда ревматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілді.
Алматы қаласында 360 төсек-орынға есептелген ревматология ғылыми орталығын құру бойынша жұмыс басталғанын айта кету керек. Бұл орталық халықаралық стандарттарға сәйкес ересектер мен балаларға мамандандырылған ревматологиялық көмек көрсетеді.
Сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастық және жаңа халықаралық технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда.
Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс ревматологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Тоғызбаев Пекинде өткен Азия-Тынық мұхиты ревматология қауымдастықтары лигасының (APLAR) жұмыс тобының отырыстарына қатысты,онда ревматоидты артритті емдеу бойынша ұсыныстарды жаңарту талқыланды.
Ғалымжан Тоғызбаев Орталық Азия елдерінен Сингапур, Гонконг, Қытай, Жапония, Үндістан, Вьетнам, Филиппин, Таиланд, Индонезия, Малайзия, Моңғолия, Мьянма, Пәкістан, Шри-Ланка, Непал, Бангладешті және басқаларды қоса алғанда 35 елден 25 000-нан астам жетекші сарапшы ревматологтарды біріктіретін ревматологтар қауымдастығы Лигасындағы жалғыз өкілі болып табылады.
APLAR-мен ынтымақтастық Қазақстанда ревматология деңгейінің тұрақты өсуіне ықпал етеді және ғылыми-білім беру, клиникалық инновациялық технологиялар мен халықаралық тәжірибе трансферін іске асыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, бүгін Алматыда «Аутоиммунды аурулар: пәнаралық мәселелер» Халықаралық ғылыми телекөпірі өтуде, онда ревматологиялық ауруларды ерте диагностикалау және пациенттердің еңбекке қабілеттілігін сақтау және әлеуметтік бейімделу мақсатында тірек-қимыл аппаратының қабыну және дегенеративті ауруларын емдеудің заманауи әдістерін енгізу мәселелері талқыланады.