Қазақ, армян әскери заңгерлері Қарулы күштердің қызметін құқықтық қамтамасыз ету мәселелерін талқылады
Кездесу барысында тараптар сот сатыларында қорғаныс ведомствосының мүдделерін қорғау бойынша жұмыс жүргізу мәселелерін талқылады.
Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы Қарулы күштерінің заңгерлері қорғаныс ведомстволарының заң шығару қызметі және құқық қолдану практикасы туралы өзара ақпарат алмасты. Отандық әскери заңгерлер меймандарды Заң департаментіне бағынысты заң қызметтерінің басшыларынан келіп түсетін есептілік нысандарымен таныстырды, сондай-ақ ҚР ҚК заңгерлерінің талап-арыз қорытындысы бойынша жүргізіліп жатқан талдамалық жұмыстар туралы айтып берді. Армяндық әріптестеріне соттарда азаматтық істерді қарау нәтижелері кейіннен Қазақстан Республикасы заңнамасын жетілдіру мақсатында одан әрі заң шығаруға негіз болатындығы айтылды.
Бұдан өзге заңгерлер Қарулы күштердің қажеттілігі үшін тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру мен орындаудың құқықтық негіздері туралы әңгімелесті.
Қазақстан Республикасы \Қорғаныс министрлігі Заң департаментінің бастығы әділет полковнигі Дидар Әбішев Қарулы күштер қызметінің құқықтық негіздерін жетілдіру, әскери қызметшінің мәртебесін нығайту және әскери қызметтің тартымдылығын арттыруға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізіліп жатқанын атап өтті.