Әлихан Бөкейхан Университетінің жаңа ректоры тағайындалды
28 қыркүйек күні өткен Әлихан Бөкейхан Университеті Ғылыми кеңесінің кезекті отырысында оқу ордасының құрылтайшысы әрі ректоры, саяси ғылымдар докторы Шырын Асылханқызы Құрманбаева Университет ұжымына мекеменің басшылық құрылымына енгізілетін өзгерістерді таныстырды
Университет құрылтайшысының шешімімен Шырын Асылханқызы Құрманбаева 2023 жылдың 1 қазанынан бастап «Alikhan Bokeikhan University» білім беру мекемесінің Президенті лауазымына тағайындалды
Университет ректоры қызметіне бұған дейін Университеттің Халықаралық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі департаментін басқарған Койчубаев Александр Сергеевич тағайындалды
Университет құрылымындағы өзгерістер заман талабына сәйкес білім беру жүйесін жетілдіруге қойылатын өзекті міндеттерге жауап беру әрі Университет қызметін одан әрі дамыту мақсатында жүзеге асырылды
Университет ұжымы Шырын Асылханқызы ұсынған өзгерістерді жылы қабылдап, жаңадан тағайындалған ректор қызметіне табыс тіледі
Койчубаев Александр Сергеевич 1984 жылдың 19 қарашасында дүниеге келген. Экономика мамандығы бойынша философия докторы (PhD). Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді
2005 жылы Қазақ қаржы-экономика институтын «Ұйым менеджменті (салалар бойынша)» мамандығы бойынша тәмамдаған, 2008 жылы осы оқу ордасының магистратурасын бітірген. 2011-2013 жылдары Омбы мемлекеттік сервис университетінің (Ресей) аспирантурасында білім алып, экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алуға ғылыми диссертацияны сәтті қорғады. 2017 жылы ғылыми дәрежесін Қазақстан Республикасында ресми растады
2019-2021 Швейцарияның қолданбалы ғылымдар және экономика бойынша Жоғары бизнес мектебінде жоғары деңгейдегі басшыларды дайындау бағдарламасы бойынша білім алған, Халықаралық менеджмент саласындағы магистр дәрежесін иеленген
Еңбек жолын 2005 жылы Қазақ қаржы-экономикалық институтында оқытушы лауазымынан бастаған. Шәкәрім университетінде стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы, кафедра меңгерушісі, Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы, Халықаралық факультеттің деканы, ғылым және коммерциализация жөніндегі проректор қызметтерінде жұмыс жасады
Жоғары білім, ғылым және халықаралық ынтымақтастық салаларында 17 жылдан астам еңбек өтілі бар. Халықаралық жобаларды жүзеге асыру топтарында, консалтинг саласында және өңірді, жоғары оқу орнын дамыту стратегияларын құру бағыттарында еңбек тәжірибесі бар. Шетелдік серіктес оқу орындарымен бірлескен инновациялық білім беру бағдарламалары мен жоғары оқу орындарының лидерлік трансформациялану бағдарламаларын әзірлеген маман.
Германияда, Швейцарияда, Израильде және Польшада біліктілігін жетілдірген.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің комиссия құрамында жұмыс жасаған, Халықаралық аккредитациялық агенттіктер мен «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығының сарапшы маманы.
Командада жұмыс істеу, инвестициялық менеджмент салаларының білгірі, бірқатар ірі академиялық және ғылыми жобаларды жүзеге асырған. Академиялық ортаға сыйлы, білікті азамат.