Абай облысының әкімі Бородулиха ауданының халқымен кездесті
Бородулиха аудандық мәдениет үйінде Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев ауданның халқымен кездесіп, өткен жылдың негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарды баяндады.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,1 трлн. теңгеден асса, Бородулиха ауданының үлесі 58,0 млрд. теңге болып отыр. Бұл жерде, аудандағы тау-кен өндіру, өңдеу саласы және ауылшаруашылығымен айналысатын «Қазақмыс корпорациясы», «Шығыстүстімет», «Семей Гидрогеология», «Труд 13», «Зенковское», «Сахновское», «Восток Агро гроуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Е-Зейтенов», «Труд», «Красный партизан» шаруа қожалықтарын атап өткен орынды», - деді Нұрлан Ұранхаев.
Өңір басшысы облыс бойынша кәсіпкерлікті дамыту бағытында да оң өзгерістер бар екеніне тоқталды.
«Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – 49 693 болса, оның 1518-і Бородулиха ауданының аумағында орналасқан. Облыстағы бөлшек тауар айналымының көлемі 19,3%-ке ұлғайып, 438,8 млрд.теңгені құрады. Бородулиха ауданы бойынша бұл көрсеткіш – 13,0 млрд. теңге», - деді ол.
Абай облысының әкімі жолдың жағдайы бүгінгі күннің маңызды мәселесі екені айтты.
«Әрине, қағазға сүйенсек, «жақсы» деген жолдар үлесі жоғары. Бірақ ақиқатын бәріңіз жақсы білесіздер. Сондықтан, есепсіз сандармен көпті сендіруден аулақпын. Ия, жұмыс бір орында тұрған жоқ. Жыл сайын, жол сапасын арттыру бағытында жұмыстар жасалып келеді. Биыл да, бұл бағытта жоспарымыз айқын. Дегенмен, осы күнге дейін мен барлық аудандарды көлікпен аралап келемін. Жолдың жайы маған жақсы таныс. 2022 жылы, облыста, құны 15,8 млрд. теңгені құрайтын 59 жоба іске асты. Барлығы 329,6 км. жол күрделі, орташа және ағымдағы жөндеумен қамтамасыз етілді. 2025 жылға дейін облыс бойынша орташа жөндеумен шамамен 30 млрд. теңгеге 800 км. жолды жөндеу жоспарланған. 2022 жылы Бородулиха ауданының жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 875,1 млн. теңге жұмсалды. 2023 жылы аудан аумағындағы жолдарды жөндеуге 2,2 млрд. теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп», - деп атап өтті Нұрлан Ұранхаев.
Аймақ басшысы білім беру саласындағы мәселені де ашық айтып, алдағы атқарылатын жоспарлармен бөлісті.
«Өкінішке қарай, облыста оқушыларға орын жетіспейді. Орын тапшылығы – 8 мың 698 орын. Осы мәселені шешу мақсатында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 5700 орындық 11 мектеп салу және 2100 орындық 6 жалпы білім беретін мектепке қосымша құрылыс салу жоспарлануда. Ауданда 4979 оқушысы бар 32 мектеп жұмыс жасайды. Өткен жылы 9 мектепті жөндеуге 163,2 млн. теңгеге, материалдық-техникалық базаны жаңартуға 3,6 млн. теңге қаражат жұмсалды. Ағымдағы жылы 7 мектепті жөндеуге 105 млн. теңге, мектептерді заманауи кабинеттермен және бейнекамералармен жабдықтауға 13,6 млн. теңге қарастырылған. Облыс бойынша балабақшамен қамту 3 пен 6 жас аралығында 100%-ті, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін 91,1%-ті құрайды», - деді облыс әкімі.
Бородулиха ауданының әкімі биыл ауданның 95 жылдығы екенін мәлімдеді.
«Аудан аумағындағы негізгі өнеркәсіп нысаны Жезкент кентіндегі Орловка өндірістік кешені. Бүгінгі таңда мердігер компаниялар қызметкерлерін қосқанда 3100-ден астам адам жұмыс істейді. Биыл ауданымызға 95 жыл толды. Биылғы жыл тарихи, нақты істерге толы болады деп ойлаймын. Барлық үлкен шараларды ауданымыздың 95 жылдығы ұранымен өткіземіз»,- деді Ахметқали Нұрғожин.
Ауданда 146 спорт нысаны жұмыс істейді. Облысты дамытудың кешенді жоспарында 2026 жылға Новопокровка ауылында 318,5 млн. теңгеге спорт модулін салу қарастырылған.
Ағымдағы жылы облыста 511 млн. теңгеге 4 мекемені қайта жаңарту және күрделі жөндеу жоспарлануда. Белағаш ауылдық клубы үшін ғимарат сатып алуға облыстық бюджет есебінен 126,7 млн. теңге қарастырылған.
Облысты дамытудың кешенді жоспары шеңберінде 2024-2025 жылдары Камышенка, Жерновка және Корестели ауылдарында клуб үйлерін салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі.
Кездесу соңында тұрғындардың қойған сауалдарына жауап берді.
Тағыда оқыңыз