Семейде құтқарушыларға құрмет көрсетілді
Қалалық әкімдіктің ғимаратында “Құтқарушылар күніне” арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов қатысып, қызмет жолында ерең еңбек көрсеткен бірқатар құтқарушылардың қызметін жоғары бағалайтындығын атап өтті.
“Ел игілігі жолында кәсіби міндетін бұлжытпай орындап, қызмет бабында қайсарлық пен өжеттік көрсетіп, ең басты байлық – адам өмірін түрлі апаттар мен қауіп-қатерлерден сақтап қалып, төтенше оқиғаның алдын алу мақсатында аянбай еңбек етіп, қырағылық танытып жүрген батыр азаматтарға халықтың айтар алғысы мен ризашылығы қашанда зор”, – деді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
Жиында елдің тыныс-тіршілігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қажырлы еңбегімен ерекшеленген қызметкерлер мен жедел жағдайлар саласына жауапты Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері Ә. Тұрсынханов «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталса, Қ. Көпбаев, Е. Қашқанов қала әкімінің "Құрмет грамотасымен" және Б. Қуанышев, Е. Олжабаев, С. Енкебаев, А. Тілеубаевқа қала әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Жалпы жыл басынан бері шаһарда өрт, газдан улану, суға кету секілді 2000- нан астам оқиға орын алды. Жергілікті құтқарушылар осындай көлденең жағдайлар кезінде жедел қимылдап, талай жанды аман алып қалған.