ҚазҚСҒЗИ Санкт-Петербургтегі III Халықаралық құрылыс чемпионатына қатысуда
Санкт-Петербургте өнеркәсіптік құрылыс саласы бойынша III Халықаралық құрылыс чемпионаты өтуде. Аталған іс-шара аясында «Сейсмикалық қауіпті өңірлердегі ғимараттарды табиғи вибродинамикалық сынау бойынша тәжірибе алмасу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Айта кетейік, ҚазҚСҒЗИ аталған жиынға тек қатысушы ретінде ғана емес, сонымен қатар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жер сілкінісіне төзімді құрылыс саласындағы Базалық ұйымы атынан іс-шараның бастамашысы ретінде де атсалысты.
Құрылыс саласы ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Өмір сүру үшін қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау үшін сейсмикалық қауіпсіздікті, ғимараттар мен құрылыстардың жер сілкінісіне төзімділігін ескеру қажет. Өйткені, жер сілкінісі – кез-келген елдің қауіпсіздігі мен экономикалық әлеуетіне нақты қауіп төндіретін ең қауіпті табиғи апаттардың бірі. «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры Бегман Қульбаев осылай деп, чемпионат қатысушыларына ықылас білдірді.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде сейсмикалық тәуекелді және жойқын жер сілкіністерінің әлеуметтік-экономикалық салдарын азайту үшін қорғаныс шараларын кешенді жүзеге асыру, ғылыми және өндірістік әлеуеттерді жұмылдыру, сейсмикалық қауіпті аудандардағы құрылысты мемлекеттік реттеудің рөлін күшейту қажет екенін баса айтты.
Сейсмикалық әсерлердің табиғаты мен ерекшеліктеріне сүйене отырып, эксперименттік зерттеулер ең қолайлы әдіс екенін айтуға болады, мұндай сынақ барысында зерттелетін объектілерге жүктелетін динамикалық сипат жүзеге асырылады. Олардың бірі-табиғи вибродинамикалық сынақтар.
Айта кету керек, ҚазҚСҒЗИ көптеген жылдар бойы Қазақстанда және одан тыс жерлерде вибродинамикалық сынақтар жүргізіп, ғимараттарды сейсмикалық қауіпсіздікке тексеріп келеді. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты Орталық Азия елдері сейсмикалық қауіпті елдер саналады. Мәселен, Ташкентте БОСС жұмысы аясында «ҚазҚСҒЗИ» АҚ мен «Тошуйжойлити» бірлесіп табиғи вибродинамикалық сынақ өткізген болатын. Ал 2024 жылы Душанбе қаласында (Тәжікстан) 14 қабатты үйдің табиғи вибродинамикалық сынақтарын жүргізу жоспарланған. Вибродинамикалық сынақтар туралы толығырақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы Базалық ұйымы басшысының орынбасары, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Өндіріс бойынша басшысы Ералы Шоқбаровтың «Қазақстан Республикасындағы ғимараттарды вибродинамикалық сынау» баяндамасында кеңінен атап өтті.
Дөңгелек үстелді өткізудің мақсаты – ғылыми және эксперименттік-теориялық зерттеулер жүргізуде әріптестік пен ынтымақтастық тетігін жетілдіру, сондай-ақ ТМД – ға қатысушы мемлекеттерде ғимараттар мен құрылыстарды вибродинамикалық сынақтан өткізу және қойылған міндеттерді іске асыру мүмкіндігін талқылау. Сонымен қатар, жер сілкінісіне төзімді құрылыс, нормативтік-техникалық базаны жетілдіру, ғылыми және эксперименттік-теориялық зерттеулер жүргізу саласында тәжірибе алмасу.