Бізге білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі қажет – Тамара Дүйсенова
Астанада «Ауыл мектебінің өркендеуі – қоғам игілігінің кепілі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын бастады.
Ауқымды шараға еліміздің әр өңірінен келген 330-дан аса ұстаз қатысуда. Ауыл мектептерінде еңбек ететін мұғалімдерге өз зерттеулері мен баяндамаларын ұсыну үшін білім саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар арнайы келген. Конференцияның ашылуында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова сөз сөйледі.
Қазір елімізде 7 700-ден аса білім ошағы бар. Олардың көбі ауылдық жерлерде орналасқан. Вице-премьер мемлекет қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту жөнінде белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
«Білім сапасын көтеру мақсатында қазір елдегі үздік мектептердің тәжірибесін өзге білім мекемелеріне тарату ісі жүргізіліп жатыр. Оның өзегінде “Ауылды жерлердегі тірек мектептерін дамыту” жобасы тұр. Қазірде оған 80 мектеп қатысуда. Екінші кезеңде 200-ге тарта білім ошағы қамтылатын болады», — деді Тамара Дүйсенова.
Жоба ауыл мұғалімдерінің біліктілігін өңірлердегі Назарбаев зияткерлік мектептері базасында жоғарылатуды, білім беру үрдісін әдістемелік сүйемелдеуге және оқыту тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік береді. Жоба Оқу-ағарту министрлігінің үйлестіруімен, Назарбаев зияткерлік мектептері, «Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жүзеге асып отыр.
Ал өңірлердегі білім басқармалары басшыларымен өткен кездесуде «Баршаға қолжетімді сапалы білім туралы» ұлттық баяндама талқыға түсті. Құжат Мемлекет басшысының бірінші педагогтер съезінде берілген тапсырмасын орындау барысында әзірленген еді.
Онда «білім беру – оқыту» парадигмасынан «білім беру – тұлға ретінде қалыптасу және даму» бағытына басымдық берілген. Оған сәйкес мектепке дейінгі тәрбие сатысынан бастап, бірыңғай, сабақтас жүйеде даму жолы қарастырылған. Алғашқы қадам балабақшада жасалады.
«Балабақша бүлдіршіндер үшін дамыту орталығы бола білуі шарт. Дәл осы жерде баланың дамуының жеке траекториясы түзіледі. Бұл ретте мектепке дейінгі білім беру мекемесі мен ата-ана өзара серіктес болуы шарт. Өкінішке орай қазір бұл мекемелерде басымдық баланы бақылауға ғана беріліп отыр», — деді Тамара Дүйсенова.
Өз кезегінде мектептер балалар мүмкіндіктерін теңестіруші орын бола білгені жөн. Базалық білім беруден бөлек, оқушылардың көз ілестірмес жылдамдықпен өзгеріп жатқан жағдайларға бейім болуын қамтуы тиіс.
Жаңа технологиялар дамуының арқасында жаңа мамандықтар пайда болды. Сондай-ақ көбі менсінбейтін жұмыстардың маңызы қайта арта түсті. Осы тұста назар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде әзірленетін кәсіби кадрларға ауып отыр. Сол себепті колледждер экономикаға қажет жұмысшы кадрларды әзірлеуде маңызды рөл атқарып, қарапайым азаматтар үшін стартаптар мен бизнес жоспарын жүзеге асыру алаңына айналатын болады. Былайша айтқанда, колледждер компетенциялар орталығы міндетін атқармақ.
«ЖОО тәмамдаған студенттердің барлығы бірдей еңбек нарығының қажеттілігіне сай келе бермейді. Түлектердің біразы мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, кейбірі тіпті жұмыссыздар қатарын толықтырып жатады. Сондықтан ЖОО-ларды инновациялар мен біліктілігі жоғары кадрлар дайындау орталықтарына айналдыру мақсаты тұр», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Білім берудің барлық сатысы объективті бағалауды қажет етеді. Сол себепті отандық білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін қалыптастыру маңызды. Сайып келгенде, бұл шаралар елдегі білім беру саласын ары қарай дамытуға жол сілтейтін болады.