Қазақстан мен Мажарстан СІМ басшылары екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен кездесті.
Тараптар екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі жан-жақты нығайтуға бағытталған өзара бағытты растады. Министрлер Қазақстан мен Мажарстан арасындағы саяси диалогтың жанданғанын ерекше атап өтіп, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету мәселелерін, білім беру саласындағы өзара іс-қимылды дамыту перспективаларын талқылады.
Осы тұрғыда СІМ басшылары Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның Қазақстанға сапары барысында 2024-2027 жылдарға арналған Stipendium Hungaricum стипендиялық бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанын құптады, оның шеңберінде Мажарстан жыл сайын қазақстандық студенттерді оқытуға 250 грант бөледі.
Сыртқы саяси ведомстволарының басшылары сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында кадрларды даярлау және оқыту жөніндегі уағдаластықтарды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.