Қазақстанда магистралдық желілерді модернизациялау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр
Бұл туралы ҚР Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың қатысуымен өткен Үкімет отырысы барысында көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті
Бүгінгі таңда магистралдық жолдардың жалпы ұзындығы 16 мың шақырымды құрайды. Үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету және магистралдық теміржол желілерінің қуаттылығын арттыру үшін биыл ұзындығы 567 шақырым учаскелерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар 4 теміржол жобасының құрылысы бойынша жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
«Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталды. Қазір аталған учаскеде құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жер төсемін орнату жұмыстары 70 пайызға орындалды. Жобаны іске асыру учаскенің қуаттылығын 5 есе арттырады деп жоспарлап отырмыз», деді Марат Қарабаев.
Айта кетерлігі, өткен аптада Алматы станциясын айналып өтетін теміржол желісінде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған болатын. Жылдың соңына дейін Дарбаза – Мақтаарал жобасының құрылысы басталатын болады. Ал Бақты – Аягөз жобасын инвестор қаражаты есебінен іске асыру жоспарланып отыр.
Министрің ақпаратына сәйкес, алдағы уақытта магистралдық теміржол желісін дамыту шеңберінде 5 мың шақырымға жуық екінші жол салу, 144 станцияда модернизациялау жұмыстарын жүргізіп, 40 жаңа пункт салу көзделіп отыр.
Жалпы екінші жолдардың құрылысы учаскелердің өткізу қабілетін 60 жұп пойызға дейін арттыруға мүмкіндік бермек.
Баяндама барысында Марат Кәрімжанұлы күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – локомотивтердің техникалық жағдайына да тоқталып өтті. Қазіргі уақытта локомотив паркінің жалпы саны 1 880 бірлікті құрайды. Қажетті локомотивтер санын қамтамасыз ету және парктің тозу деңгейін төмендету мақсатында биыл 133 локомотив сатып алынған. Осы ретте аталған локомотивтер отандық локомотив және электровоз құрастыру зауыттарында жасап шығарылғанын айта кеткен орынды.
Жалпы 2025 жылға дейін 500-ден астам локомотив сатып алу жоспарда бар. Бұл жылжымалы құрам паркіндегі тапшылық мәселесінің оңтайлы шешіміне айналады деп күтілуде.
Баяндама барысында көлік саласына жауапты министр жолаушыларды тасымалдау мәселесіне де жеке тоқталып өтті. Қазіргі уақытта пойыздар өңірлер арасында 66 маршрут бойынша қатынайды. Аталған бағыттарда 13 тасымалдаушы қызмет көрсетеді. Жолаушылар вагондарының паркі 2600 бірлікке жуық. Тасымалдауға деген сұраныстың жоғары кездерінде шамамен
300 бірлік вагонға деген тапшылық байқалады екен.
«Жолаушыларды тасымалдауға қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа заманауи жолаушылар вагондарын сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы жылы 162 жаңа вагон сатып алынды. Оның ішінде, 76 вагон пайдалануға берілді, 24 вагон жылдың соңына дейін берілетін болады. Ал келесі жылдың бірінші жартыжылдығында қалған 62 вагон жеткізіледі», деп атап өтті ведомство басшысы.
Жалпы 2029 жылға дейін отандық зауыттардан 844 бірлік жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланып отыр.