Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
499.51 525.83 4.62

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі азаматтарды қабылдады

27-11-2023, 16:41 Сабина Әлібек

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов кезекті мәрте азаматтарды қабылдады. Үш жарым сағатқа созылған кездесуде еліміздегі су нысандарын қорғау мәселелері көтерілді.

Мәселен, Ақмола облысының тұрғындары зауыттардың суды өнеркәсіптік қажеттіліктер үшін пайдалануына байланысты Ақсу өзенінің таязданғанын мәлімдеді. Жергілікті халық бұл мәселені өзеннен су жіберуді шектеу арқылы шешуді сұрайды. Нұржан Нұржігітов Есіл бассейндік инспекциясы Экология министрлігімен бірге жұмыс тобын құрып, Ақсу өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне зерттеу жүргізетінін мәлімдеді.

Сондай-ақ, министр Астана су қоймасы мен елорда арасындағы Есіл өзенінің бойында орналасқан ауыл тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар ауыз судың жетіспеушілігі туралы және жыл сайынғы көктемгі су тасқыны жайлы айтты. Мәселені шешу үшін Есіл өзенінің арнасын және су қоймасын тазарту қажет.

«Тиісті іс-шаралар су саласын дамытудың Кешенді жоспарына енгізілген. Құжат Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгеннен кейін жыл соңына дейін қабылданады. Жоспарға сәйкес, Ақмола облысы әкімдігі Есіл өзенінің арнасы Жібек Жолы ауылына дейін тазартуға арналған жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеп, министрлікке тапсыру қажет. Мен жұмыстың бірінші кезеңін 2024 жылғы су тасу қаупі бар маусымға дейін мүмкіндігінше бастауды тапсырдым. Сондай-ақ, Астана су қоймасын толтыру бойынша қосымша шаралар қарастырылып жатыр»,- деді Нұржан Нұржігітов.

Қабылдауда көтерілген тағы бір мәселе – Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылындағы зауыт құрылысы. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, зауыт ауыз судың көзі болған 7 бұлақтың 3-еуін жауып тастайды. Бұл мәселе бойынша Маралдыда қоғамдық тыңдаулар өтеді. Бірақ мәселе жерасты суларына қатысты болғандықтан, министрлік бұл жағдайды жіті бақылауында ұстайды.

Қоғамдық қабылдауда Бурабай мен Үлкен Шабақты көлдерін байланыстыратын Громотуха өзенін қорғау мәселесі де қозғалды. Жергілікті тұрғындар кәсіпкерлер өзен ағысын заңсыз жауып тастап, сарқылуына себеп болады деп алаңдаулы. Министр Су шаруашылығы комитетінің тиісті басқарма қызметкерлеріне Есіл бассейндік инспекциясымен сол жерге барып, жағдайды мұқият зерттеуді тапсырды.

ШҚО шекаралас аудандарының тұрғындары Үлкен Ұласты өзені арқылы келетін су көлемінің жетпейтініне шағымданды. Айта кету керек, министрлік қазіргі уақытта Қытай тарапымен, оның ішінде Қазақстан аумағында су тарату құрылысын салу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ, кездесуде еліміздегі су нысандарын қорғау және жерасты суларының сапасын бақылау бойынша ұсыныстар айтылды. Нұржан Нұржігітов азаматтарды қабылдау алдағы уақытта да жалғасын табатынын және мұндай кездесулер онлайн-офлайн форматтарда жиі өтетінін айтты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив