ІІМ мен ЦДИАӨМ полиция қызметін цифрландыру мәселесін талқылады
Атап айтқанда, цифрлық даму министріне халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету, цифрлық технологияларды қолдана отырып жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық орындарда бейнебақылауды күшейту саласында қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды.
Кездесу барысында екі ведомствоның басшылары еліміздің пенитенциарлық мекемелерін толық бейнебақылаумен қамту және мектептерде орнатылған бейнекамераларды полицияның жедел басқару орталықтарына қосу жөніндегі жобаларды іске асыру мақсатында министрліктердің өзара іс-қимылы жөніндегі мәселелерді талқылады.
– Қазақстанда цифрландыру қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік қызметтер онлайн-форматқа ауыстырылды. Азаматтар жаңа техникалық шешімдерді еркін пайдаланады. Сондықтан біздің міндетіміз – цифрландыру арқылы “адами факторлардан” арылу, – деп атап өтті ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
– Жаңа шешімдер құқық тәртібін қорғау, жол қауіпсіздігін сақтау, қылмыстарды ашу бойынша жұмыстарға енгізілуде. Мысалы, жыл сайын жүргізуші куәлігін алу, автокөлікті тіркеу бойынша қызметтерді алу үшін 3 млн-ға жуық азамат полиция органдарына жүгінеді. Сондықтан біз бір орында тұрмай, бұл бағыттағы жұмысты жетілдіруіміз керек, – деді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Айта кету керек, күнделікті полиция қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану — Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі. Бұл жұмыс бірінші кезекте азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауға, қызметкерлердің жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған.