Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Қарағанды маңындағы Саран шаһарына барды
Өңірге жұмыс сапары барысында вице-министр алдымен орталық жылу қазандығына барды. Саран тұрғындары қазандықтың іске қосылуын асыға күтуде. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау және жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталуда. Сонымен қатар, тұрғын үйлерге жылу желілері салынуда. Іске қосу жұмыстары келесі жылы басталады. Іске қосылғаннан кейін мұнда 250-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады. Жобаның құны 8,4 млрд. теңгені құрайды.
Сондай-ақ Б.Омарбеков Silk Road Electronics тұрмыстық техника өндіру зауытының қызметімен танысты. Бүгінде заманауи автоматтандырылған кәсіпорында өнімнің 7 түрі шығарылуда. Бұл электр су жылытқыштары, шаңсорғыштар, пештер, шағын пештер, ас үй сорғыштары, жартылай автоматты кір жуғыш машиналар және теледидарлар. Аталған техникалар бірыңғай Artel брендіне тиесілі.
Зауыттың толық қуаттылығы 2025 жылға қарай жылына 1,1 млн. өнімді шығаруға қауқарлы. Бастапқы кезеңде мұнда Саран, Шахтинск және Қарағандының 400-ге жуық тұрғыны жұмысқа орналасатын болады. Болашақта қызметкерлердің санын 1200-ге дейін арттыру жоспарлануда.
Бұдан әрі вице-министр Қазақстан нарығына және таяу шет елдерге жылына 3,5 млн. шина шығаратын «KamaTyresKZ» зауытының құрылыс барысымен танысты. Өндіріс жыл соңына дейін бастау алады. Жобаны іске асыру үшін $482,4 млн. инвестиция тартылды. Құрылыс толық аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін зауыт 1 116 тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етеді.
Бауыржан Омарбеков барған келесі нысан Қарағандыдағы Гематология орталығы. Төрт жылдан астам уақыт бойы орталық облыстық клиникалық аурухана ғимаратының бір қабатында жұмыс жасады. Биыл медициналық ұйым Қарағанды және Қарағанды облысының гематология саласындағы құзыреттілік орталығы ретінде жеке ғимаратта ашылып, аумағы екі еселенді.
Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асырылды, оның құны 102,2 млн.теңгені құрайды. Бүгінде орталықта қан аурулары бар науқастарға барлық қажетті медициналық көмек түрі көрсетілуде.
Сондай-ақ Теміртау қаласында вице-министр жастар үйіне барды. Мыңнан астам адамды қамтитын әлеуметтік нысан қаланың шығыс бөлігінде орналасқан. Жылдар бойы құрылысы тоқтап тұрған ғимарат бұрындары колледж болған. Мұнда өткен жылдан бері қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жастар үйінде 150 орындық акт залы, спорт және би залдары, екі коворкинг-орталық болады деп күтілуде. Мұнда еріктілер мен жастар ұйымдарын орналастыру, дыбыс жазу студиясын ашу көзделген. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталды. Құны 666,8 млн. теңге болатын нысанды жыл соңында тапсыру жоспарланып отыр.