Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Жамбыл облысының тұрғындарымен кездесті
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева Жамбыл облысына іс-сапармен барды.
Сапар барысында вице-министр педагогтермен және ата-аналар қауымымен кездесіп, министрлік жұмысының негізгі бағыттары және мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім берудің сапасын жақсарту және кадрлық әлеуетті арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
«Ұлт болашағы қазіргі жастарға, олардың бәсекеге қабілетті болуына, біліміне, энергиясына тікелей байланысты. Бүгінгі таңда мемлекет педагогтердің мәртебесін көтеру, балалар үшін қолайлы және қауіпсіз орта құру үшін қажетті шаралар қабылдауда. Біздің міндетіміз - әр балаға сапалы білім және тәрбие беру. Сол себепті сіз бен біз болып ат салыссақ, бірлесе оң нәтижеге жететімізге сенімдімін», - деп атап өтті Наталья Жұмаділдаева.
Сондай-ақ кездесу барысында Жамбыл облысы білім басқармасының және Министрліктің аумақтық департаментінің басшылары өңірдегі білім беру жүйесін дамыту бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы бөлісті.
Екі сағатқа созылған кездесуге 300-ден астам адам қатысты. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі тұрғындар тарапынан болған сауалдарға жауап берді. Сұрақтардың басым бөлігі мұғалімдерді аттестаттаудың жаңа ережелері, жас мамандарды жұмысқа орналастыру, шалғай ауылдарда интернет сапасын арттыру, қашықтан оқыту, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беруді ұйымдастыру мәселелеріне қатысты болды.
Айта кетейік, сапар аясында Наталья Жұмаділдаева азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, бірқатар білім беру ұйымдарына барды. Бірінші вице-министр аудандық білім бөлімдерінің, оқу-әдістемелік орталықтардың, мектептердің, колледждердің және мектепке дейінгі мекемелердің басшыларымен кездесті. Онда «Баршаға қолжетімді сапалы білім» І съезіне арналған Ұлттық баяндамада көрсетілген білім беру сапасын арттыру, тәрбие жұмысын жақсарту, мектеп инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды.