Мысырдың Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі сенім грамоталарының көшірмесін тапсырды
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Ибтиссам Ракха Хассанның сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.
Кездесу барысында тараптар саяси диалогтың жоғары деңгейін, сондай-ақ сауда-экономикалық өзара іс-қимылдағы оң үрдісті атап өтті. Сонымен қатар, екіжақты қатынастардың барлық салалары бойынша жан-жақты өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Ә. Бақаев Мысырдың жаңа Елшісі И. Хасанның қызметіне сәттілік тілеп, оның Қазақстандағы жауапты миссиясы кезінде өзара жемісті қарым-қатынасқа үміт білдірді.
Мысырдың жаңа Елшісі өз тарапынан Астана мен Каир арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсетініне сенім артты.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Мысыр арасындағы тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 90,4 пайызға өсіп, 153 млн долларды құрады. Тараптар тұрақты жұмыс істейтін Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес аясындағы ынтымақтастықты белсенді түрде арттыруда.