ҚР Ұлттық экономика министрі XXI Доха форумына қатысты
«Ортақ болашақты құру» атты форум халықаралық қатынастар және қауіпсіздік, экономикалық саясат пен даму, киберқауіпсіздік, деректердің құпиялылығы және жасанды интеллект, сондай-ақ тұрақты даму сынды бағыттар бойынша өтті.
«Аласапыран кезеңдегі энергетикалық қауіпсіздік және экономикалық тұрақтылық» панельдік сессиясының қатысушылары экономиканың дамуына елдердің энергетикалық тәуелділігінің тигізер әсерін талқылады. Бұған қоса, әлемдегі геосаяси жағдайда энергоресурстардың сенімді жеткізілуін қамтамасыз ету үшін бірлескен стратегияларды дамыту жөнінде пікір алмасты.
Ә.Қуантыров еліміздің төмен көміртекті дамуға көшу, экономиканы декарбонизациялау, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды арттыру және климаттың өзгеруіне бейімделу салаларындағы тәжірибесімен бөлісті.
-Қазақстан 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптық Стратегиясын қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы ел болып табылады. Құжат ұлттық экономиканы әртараптандыру және технологиялық жаңғырту жөніндегі маңызды бағыттарды қамтиды. Түпкі мақсат – 2060 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын нөлге дейін жеткізу. Табиғи ресурстарымызды келешек ұрпақ үшін сақтап, оны ұтымды пайдалану маңызды, - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар спикерлер Дубайда өткен СОР 28 Дүниежүзілік климаттық саммиті аясында көтерілген тақырыптар туралы пікір алмасты. Форум барысында Хорватияның экс-президенті Колинда Грабар-Китарович, Қытай және жаһандану орталығының вице-президенті Виктор Гао, сондай–ақ CNN арнасының өкілі, модератор - Мелисса Белл сөз сөйледі.
Доха форумы жетекші жаһандық диалог алаңы болып табылады. Биылғы іс-шараға 117-ден астам елдің делегациялары қатысты. Оның ішінде үкімет, сыртқы саяси ведомстволар басшылары, министрлер, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қоғамдастығының өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен кәсіпкерлер қатысты.