Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Әлихан Смайылов «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттады

13-12-2023, 10:27 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов кәсіпкерлік саласындағы жыл сайын берілетін «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарына марапаттарын табыс етті.

Астанадағы ЕХРО конгресс-орталығының аумағында орталық мемлекеттік органдар басшылары, депутаттар, «Атамекен» ҰКП өкілдері және конкурсанттардың қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.

Салтанатты рәсім аясында Үкімет басшысы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттады:

– «ҚазАзот» компаниясы – аммиак пен аммиак селитрасының Қазақстандағы жалғыз өндірушісі, минералды тыңайтқыштарды ішкі нарыққа және сыртқы экспортқа шығарушы;

– «Медидез» компаниясы – медицина және тамақ өнеркәсібіне арналған зарарсыздандыру құралдарын өндіруші;

– «Med365» компаниясы – медициналық тексерудің автоматтандырылған жүйесі аппараттарының жетекші әзірлеушісі және жалғыз отандық өндірушісі.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша «Парыз» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл ретте «Галицкое» компаниясы ерекше атап өтілді – кәсіпорын қаражаты есебінен аттас ауылда су құбыры және орталықтан жылу жүргізіліп, жол төселді. Кәсіпорын қызметкерлеріне соңғы үш жылда 12 пәтер кілті табыс етілді. Сондай-ақ «Қазақстан саңыраулар қоғамымен» бірлесіп, есту қабілеті нашар адамдарға арналған әлеуметтік жобаны іске асырып отырған «Қазмырыш» компаниясы номинация жеңімпазы атанды. Жобаның арқасында ерекше қажеттіліктері бар адамдар ірі отандық компанияда жұмыс істеп, тәжірибе жинауда.

Анықтама: ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурс «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халық үшін тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын», «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын», «Үздік индустриялық жоба» және «Үздік инновациялық жоба» номинациялары бойынша өткізіледі. 14 жеңімпаз дипломдар, мүсіншелер түріндегі эмблемалар және 450 АЕК (шамамен 1,5 млн теңге) мөлшерінде ақшалай сыйақы алады.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы «Парыз» сыйлығын алуға конкурс жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейлерде «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін» және «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациялары бойынша өткізіледі.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив