Абай облысының оқушысы үй жағдайында иірімді кіші су электр станциясын жасады
Бородулиха ауданы, Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ орта мектебінің 9-сынып оқушысы Аманбаев Ислам үй жағдайында иірімді кіші су электр станциясын жасады.
Оқушы өз жұмысында иірімді кіші су электр станциясының пайдасын, тиімділігін және өзге энергия қуаттарынан артықшылығын анықтады. Бұл иірімді кіші су электр станциясы - өте тиімді тоқ көзі. Себебі ол арзан материалды қажет етеді, құрылымы қарапайым, мобильді, экологиялық құрылғы. Кез келген ағын суға орнатып, электр қуатын алуға болады.
Ислам дайын макетті душ суының күшімен сынақтан өткізіп көрген. Иіріліп шыққан су генераторға жалғанған трубинаны айналдырады, нәтижесінде генератор мен трубина қатты жылдамдықта жұмыс істеп тоқ береді. Үй маңындағы кіші арықта сынама жасап, макет арқылы ұялы телефонды қуаттандырып көрген. Сондай-ақ әртүрлі кішкентай шамдарды эксперименттен өткізген.
Жұмыс нәтижесінде кіші су станцияларының бірнеше түрлерін жасау керек деп ой түйген. Исламның физика пәніне, электроника саласына, өнерсүйгіштікке қызығушылығы оянды.
Жас өнертапқыш өзінің заманауи кіші су станцияларын малшыларға жайлауда, қыстақтарда, сондай-ақ туристерген туристтік базаларда қолдануға ұсынады. Алдағы уақытта өзге де электр қуатын бере алатын тоқ көздерін зерттеуді жалғастыруды жоспарлап отыр. Осы саладағы білімін жетілдіріп, дамытқысы келеді.
Жоба жетекшілері: бастауыш сынып мұғалімдері Ахметжанова Бейбітгүл Еркінғазықызы, Жумагалиева Айгуль Такановна.
Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі