Сенатта жалпыға бірдей декларациялау мәселесі талқыланды
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары жалпыға бірдей декларациялау мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен кездесу өткізді. Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов жалпыға бірдей декларациялаудың мақсаты – көлеңкелі экономикамен күресу үшін жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін бақылаудың тиімді жүйесін құру, сондай-ақ салық пен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауды қамтамасыз ету екенін атап өтті.
«Біздің міндетіміз – мемлекеттік органдардың декларацияларды қабылдауға және өңдеуге дайындық деңгейін түсіну. Халық үшін табыс пен мүлікті декларациялаудың неғұрлым қолайлы тәртібін қалыптастыру мен жасауға қатысу. Мемлекет алдында жалпыға бірдей декларациялауға көшу мәселесі бойынша халықты кеңінен хабардар ету міндеті тұр. Жалпыға бірдей декларацияны іске асыру Қаржы министрлігінің ғана проблемасы емес. Басқа мемлекеттік органдар да осы процеске белсенді қатысуы тиіс», - деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов жалпыға бірдей декларациялаудың қалай және қандай ұстаным бойынша өтетіні туралы айтып берді. Сонымен қатар, депутаттар цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Асхат Оразбектің еліміздегі шалғай аудандарға интернет беру саласындағы ахуал туралы ақпаратын тыңдады.
Сенаторлар кездесу барысында орта арнаулы және жоғары оқу орындарында қаржы және салық сауаттылығын арттыру мәселесін пысықтаудың маңыздылығын атап өтті. Жергілікті атқарушы органдар мен ХҚКО жалпыға бірдей декларациялауды енгізу бойынша жұмыс жүргізуі тиіс.
Сұлтанбек Мәкежанов шараны қорытындылай келіп, сенаторлар атынан мүдделі мемлекеттік органдардың атына жіберілетін тиісті ұсынымдар әзірленетінін атап өтті.
Суретті түсірген: А. Байжұманов